Жерлесіміз Фаина Мейірманова өткен жылдың қараша айында Токио қаласында өткен ХХV жазғы Сурдлимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алды. Айтулы жетістігі үшін өңір басшысы оған пәтер сертификатын сыйлады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Рекорд жаңартқан
Қазір ол жеңіл атлетикадан әлемдік деңгейде үздіктер қатарынан көрініп жүр. Токио төріндегі бәсекеде ол биіктікке секіру сайысында ол 1,79 метр нәтижесін көрсетіп, қарсыластарынан басым түсті. Осылайша, жарыс рекордын жаңартып, Сурдлимпиада чемпионы атанды.
Сурдлимпиада ойындары – есту қабілеті бұзылған спортшылар арасындағы ең ірі халықаралық жарыс.
Ол Халықаралық саңыраулар спорт комитеті қолдауымен өткізіледі. Фаинаның жеңісі Қазақстан ұлттық құрамасы қоржынын толтырып, Шығыс Қазақстандағы спорттың жоғары деңгейін айқындады.
– Фаина Мейірманова Қазақстан ұлттық құрамасының негізгі сапында өнер көрсетеді. Оның жетістіктері - көпжылдық жүйелі дайындықтың, бапкерлер штабының кәсіби еңбегінің және өңірдегі спорт ұйымдарының қолдауының нәтижесі, – делінген әкімдік таратқан ақпаратта.
Жарыстарда топ жарып жүр
Мәлім болғандай, соңғы екі жылда спортшы халықаралық және республикалық ареналарда тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Айталық, 2024 жылы Тайбэйде өткен сурдо-жеңіл атлетикадан әлем чемпионатында топ жарып, Куала-Лумпурдегі Азия-Тынық мұхиты ойындарының жеңімпазы атанды. Сондай-ақ Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы болды.
Өңір әкімі Нұрымбет Сақтағанов Фаина Мейірмановаға спорттағы айтарлықтай жетістіктері үшін үш бөлмелі пәтердің сертификаты мен кілтін табыстады. Салтанатты шара Б.Александров атындағы Спорт сарайында өтті.
– Спортшымыздың жеңісі еліміздің халықаралық беделін нығайтып, қайсарлық пен табандылықтың жарқын үлгісін көрсетіп отыр, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Фаина жауапты сәтте толқуға берілмеуге тырысқанын айтты. Ал пәтер кілті оның еңбегіне берілген лайықты баға. Кездесу соңында спортшы бапкері Богдан Весельский мен қолдау көрсеткен барша жанкүйеріне алғыс білдірді.
Асыл АЙТБАЕВ
Пікірлер