A+ A A-

talgatzhan 36 Бүгін, 11:05 0

ШҚО-да қаңғырған иттерді аулауға 36 млн теңге бөлінді

Бүгін / ШҚО

Соңғы жылдары аймақта қаңғырған иттер мәселесі қайтадан жиі талқылана бастады. Әсіресе, бұған дейін тіркелген қайғылы оқиғалар тұрғындар қорқынышын туғызып отыр. Төрт жыл бұрын түрлі БАҚ бетінде Өскемен іргесіндегі Лесхоз ауылында 7 жасар қыздың итке таланып, көз жұмғаны туралы ақпарат тараған еді. Қала жұртының көбі сондай жантүршігерлік жайт қайталанбаса деген тілекпен жүр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ит аулауға кім жауапты?

Сол Лесхоздағы жағдай естеріңізде болар. Қараусыз жүрген ит үй маңында ойын қуған бүлдіршінге тап берген. Өткен жылдың наурызында мұндай жағдай Риддер қаласында да тіркелді. Осындай жайттар әкенің де, ананың да үрей жетегіне еруіне себепші. Оған қоса, соңғы екі айда қаладағы Жібек маталар комбинаты ықшамауданы, Буров көшесі, Ахмер кентіндегі қаптаған итттің бейнежазбалары көп таралды. Жағдайда ШҚО Ветеринария басқармасы басшылығынан біліп көрдік. Соған сенсек, ауылдардағы жағдай тұрақты. Ал Өскеменде өршіп тұр. Ит қаптады деп жыл басталғалы 108 шағым түскен. Мамандар мәліметінше, 2026 жылдың ақпан айынан қаңғырған жануарларды аулаумен қаладағы «Досым-Өскемен» жеке кәсіпкерлігі (Скосарева Е.) айналысып келеді. Аулау жұмыстары қолданыстағы заңнама талаптарына сай, қатігездікті айналып өтіп, жүргізілетін көрінеді. Әрбір ауланған жануар міндетті түрде ветеринариялық тексеруден өткізіліп, кейінгі жағдайына бақылау жасалады. Ал стерильдеу шаралары орындаушының өз қаражаты есебінен атқарылады. Ауланған ит пен мысықтарды уақытша орналастыруға және ветеринариялық бақылаудан өткізуге арналған орындар беріледі. Жалпы облыс аумағында жануарларды уақытша ұстауға арналған 11 пункт пен тоғыз баспана жұмыс істейді.  «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасы Заңына енгізілген өзгерістерге (9-баптың 1-1 және 1-2-тармақтары) сәйкес, 2026 жылғы 17 қаңтардан бастап қаңғырған иттер мен мысықтарды аулау, күтіп-ұстау және олардың санын реттеу функциялары қалалар мен аудандардың жергілікті атқарушы органдарына жүктелген. Әлеуметтік шиеленістің артуы мен тұрғындардың көптеп шағымдануына байланысты, аталған жұмыстар биылғы ақпан айынан бері шарт негізінде жүзеге асырылуда.

Мамандар бөліскен мәлімет

Техникалық құжаттамаға сәйкес, қала аумағында аулануы тиіс жануарлардың жалпы саны – 1000-ға жетеді. Мамандар бұл шаралар тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қаңғырған жануарлар санын реттеу мақсатында жүзеге асырылып отырғанын айтады. Өскемен қаласында бұралқы иттердің ең көп шоғырланған аймақтары ретінде жоғарыда жазылған Жібек маталар комбинаты маңы (Есенберлин, Әл-Фараби, Сәтбаев, Қазыбек би даңғылдары мен Жібек жолы, Увалиев көшелері), сондай-ақ 19-шағын аудан, Согра және Аблакетка аудандары көрсетілген.
Мамандар пікірінше, қаңғырған жануарлар санының артуына негізгі себептердің бірі – үй иелерінің жауапсыздығы. Иттерді қараусыз жіберу жағдайды күрделендіріп отыр. Басқармаға жіберген сұраухат жауабында өңірде иттерді аулауға жауапты мамандар саны жеткілікті екені көрсетілген. Бұл аталған жұмыстардың жоспарға сай және жүйелі түрде орындалуына мүмкіндік береді.
ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, облыс бойынша биыл ит қапқан 37 жағдай тіркелген. Дегенмен зардап шеккендердің ешқайсысы ауруханаға жатқызылмапты. Мамандар барлық жағдайда алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, қажетті екпелер уақтылы салынғанын алға тартты.
PS: Қаңғырған жануарлар тақырыбы – тек ветеринариялық немесе әкімшілік мәселе емес, бұл қоғамдық жауапкершілік мәселесі. Бір жағынан, тұрғындар қауіпсіздігі бірінші орында тұр. Екінші жағынан, жануарларға гумандық көзқарас сақтау маңызды. Бөлінген 36 млн теңге мәселені толық шешпегенімен, оның жүйелі түрде реттелуіне мүмкіндік береді. Алайда әр тұрғынның өз үй жануарына жауапкершілікпен қарауы басшылыққа алынуы тиіс жайт. 

Ұлжан ЖАЛЫНДАҚЫЗЫ
Фотосурет: шартты

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив