A+ A A-

talgatzhan 0 27-02-2026, 16:30 0

ШҚО әкімі Щучинскіде болған қайғылы оқиғаға орай өрт қауіпсіздігін бақылауға алды

Бүгін / ШҚО

Бүгін аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен әкімдік отырысы өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Оған қала, аудан әкімдері, облыстық басқармалар мен департамент басшылары қатысты. Жиында өңір елдімекендерінің бас жоспарлармен қамтылуы сөз етілді.

– Щучинскіде болған қайғылы оқиғаға байланысты қала, аудан әкімдері нысандардағы өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына қатаң бақылау орнатуы тиіс. Су тасқынының алдын алу шаралары да қарқынды жүргізілуі қажет, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

ШҚО Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Руфат Акрамовтың айтуынша, бүгінде облыс аумағында 360-қа жуық елдімекен орналасқан. Олардың бекітілген бас жоспармен қамтамасыз етілу деңгейі 52%-ды құрайды.

– Заңнамаға сәйкес, бас жоспарлардың есептік қолданылу мерзімі 15-20 жылды құрайды. Қазіргі уақытта 100-ден астам елдімекен жоспары бойынша осы мерзімнің өтуіне байланысты оларды түзету қажет. Бүгінде облыс қалаларының 6 бас жоспарының ішінде екеуі цифрландырылып, Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының базасына енгізілді. 2025 жылы облыс бойынша егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларымен біріктірілген елдімекендердің 22 бас жоспары әзірленді, – деді ол.

Сондай-ақ Шығыс Қазақстанның эпизоотиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мал шаруашылығының тұрақты дамуына жағдай жасау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайы талқыланды.

– Былтыр ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар аясында малға 4,7 млн вакцинация жүргізілді. Олар 8 жұқпалы ауруға қарсы егілді. 2026 жылы 7 аса қауіпті ауруға қарсы 4,3 млн доза вакцина салу жоспарланған, – деді ШҚО Ветеринария басқармасының басшысы Рамиль Сағандықов.

Оның айтуынша, 2026-2027 жылы аудан орталықтарында 7 ветеринариялық станция, ауылдық округтерде 70 ветеринариялық пункт салу жоспарланған.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив