Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ШҚО фтизиопульмонология орталығы стационарлық қызметінің басшысы, дәрігер-хирург Болатбек Елшібеков мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Маманның айтуынша, 2025 жылдың қорытындысында өңірде туберкулезбен ауыратындар саны 6,6 пайызға төмендеген. Нақтырақ айтқанда, өткен жылы 276 жағдай тіркелген. Сонымен қатар аурудың таралу көрсеткіші де бес пайызға азайған. Бұл жүргізіліп жатқан алдын алу және ерте анықтау шараларының тиімділігін көрсетеді. Емдеу нәтижелері де оң динамикаға ие. Дәріге сезімтал туберкулез түрі бойынша емдеу тиімділігі 87,7 пайызды құраса, дәріге төзімді түрі бойынша бұл көрсеткіш 80,9 пайызға жеткен. Дәрігер сөзінше, бұл республикалық орташа көрсеткіштен кем емес деңгей.
– Қазір диагностикада заманауи GeneXpert аппараты қолданылады. Оның басты артықшылығы – талдау нәтижесі небәрі екі сағат ішінде дайын болады. Бұл дер кезінде ем бастауға мүмкіндік береді, – деді Елшібеков.
Шығыс Қазақстан ел көлемінде туберкулез көрсеткіші бойынша 12-ші орында тұр. Бұл өзге өңірлерге қарағанда салыстырмалы түрде төмен көрсеткіш. Маманның айтуынша, соңғы жылдары облыста ауру деңгейі біртіндеп азайып келеді.
Айта кетейік, аймақта туберкулез жиі тіркелетін аудандар да аталды. Атап айтқанда, Глубокое, Алтай және Шемонаиха аудандарында сырқаттану деңгейі өзге өңірлерге қарағанда жоғары. Сонымен қатар орта жастағы азаматтар арасында жұқтыру қаупі басым екені байқалады. Балалар арасында да ауру жағдайлары кездеседі, алайда өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш төмендеген.
Пікірлер