Мерекелер қарсаңында әлеуметтік желілерде облыс тұрғындары мен қонақтарына қызғалдақтарды төмен бағамен алдын ала тапсырыс беруді ұсынатын алаяқтар көбеюде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Полиция департаментінің мәліметінше, алаяқтар әлеуметтік желілерде жалған парақшалар ашып, гүлдерді «арнайы» мерекелік акциямен сату туралы хабарландырулар жариялайды. Олар міндетті түрде алдын ала төлем жасауды талап етеді, ал ақшаны алғаннан кейін байланысты үзіп, аккаунттарын өшіріп тастайды.
Полиция өкілдері мерекеге дайындық кезінде мұндай деректердің көбейетінін атап өтті.
Тәртіп сақшылары азаматтарды сақтық шараларын сақтауға шақырады: тапсырыстарды тек тексерілген сатушылар мен ресми дүкендерден рәсімдеу,и аккаунттың ашылған күніне және нақты пікірлердің бар-жоғына назар аудару, бейтаныс тұлғалардың жеке банктік карталарына ақша аудармау, мүмкіндігінше тауар ақысын алған кезде төлеу, алаяқтық қаупін азайту үшін гүлдер мен сыйлықтарды тексерілген сауда нүктелерінен жеке барып сатып алу.
Егер алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, дереу 102 нөміріне немесе жақын маңдағы полиция бөлімшесіне хабарласу қажет.
Пікірлер