Өңірде көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. Аймақта елді мекендердегі су басу қаупін төмендету және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді алдын алу шаралары жүргізіліп келеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Облыс аумағында барлығы 128 гидротехникалық нысан бар. Оның 77-сі – су ұстайтын құрылыстар, соның ішінде 40 су қоймасы, 28 тоған, 7 гидроторап және 2 бөгет бар. Олардың барлығы тұрақты бақылауда.
Су тасқыны қаупі жоғары кезеңге дайындық аясында бірқатар инженерлік жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда: өзен арналары 3,5 шақырымға тереңдетіліп, тазартылып, түзетіліп, кеңейтілді, 800 метр қорғаныс бөгеті жөнделді, 2,35 шақырым жағалауды бекіту құрылыстары салынды және күшейтілді, 5,5 шақырым су бұру арналары жасалды, 3 нысанда су өткізу құбырлары орнатылып, жөнделді, 4 көпірге ағымдағы жөндеу жүргізілді, 1 гидротехникалық нысан жөнделді, су тасқыны қаупі бар 2 көше учаскесі қалпына келтірілді.
Сонымен қатар Алтай, Марқакөл, Үлкен Нарын, Күршім, Шемонаиха, Катонқарағай және Глубокое аудандарында мұз кептелісі қаупі бар 20 учаске анықталған. Қажет болған жағдайда мұз кептелістерінің алдын алу үшін бұл жерлерде жарылыс жұмыстары жүргізіледі.
Елді мекендердің өзінде де су тасқынына қарсы жұмыстар жалғасуда. Қазіргі уақытта арықтар мен каналдардың 35%-ы тазартылды, 32% су өткізу құрылыстары ретке келтірілді, 57% көпір тазаланды, 216 мың текше метр қар шығарылды.
(Өткен жылдың осы кезеңінде 320 мың текше метр қар шығарылған).
Жалпы облыстағы 70 елді мекенде су тасқыны қаупі бар. Онда шамамен 3,5 мың тұрғын үй орналасқан.
Төтенше жағдайлардың алдын алу және жедел әрекет ету үшін күштер мен құралдар тобы жасақталды. Олардың құрамында 3677 адам, 556 техника, 73 жүзу құралы және 234 мотопомпа бар.
Сондай-ақ 13 мың адамды қабылдай алатын 137 уақытша орналастыру пункті дайындалды.
Халықты жедел хабардар ету үшін арнайы ескерту жүйесі қарастырылған. Қажет болған жағдайда 48 сирена-дыбыстық құрылғы, SMS-хабарламалар, телерадио арналарын шұғыл қосу және «Darmen» мобильді қосымшасы іске қосылады. Бұдан бөлек, Mass Alert жедел хабарлау жүйесі де кәдеге жаратылмақ.
«ШҚО әкімі ахуалдық орталығы» ақпараттық жүйесінде су тасқыны жағдайын бақылаудың бірыңғай кешені іске қосылған. Ол ықтимал қауіптерді ерте анықтау үшін жеті күндік болжам жасап отырады.
Жолдарды күтіп-ұстауға арналған техника да әзірленген. Облыстың жалпы пайдаланымдағы жолдары мен елді мекен көшелерінде 806 техника дайын тұр. Оның ішінде: 103 техника – республикалық маңызы бар жолдарда, 119 техника – облыстық жолдарда, 584 техника – аудан әкімдіктерінің қарамағында.
Мәселен, Тарбағатай ауданында да су тасқынына қарсы шаралар жүргізілуде. Ауданның 8 ауылдық округінде 17 ауылдық құтқарушы жұмыс істеп жатыр. Олар су өткізу жүйелерін тазалап, еріген қар суының кедергісіз ағуын қамтамасыз етуде.
Өңірде көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жалғасып жатыр. Негізгі мақсат - алдын алу жұмыстарын дер кезінде жүргізіп, шығысқазақстандықтар үшін қауіп-қатерді барынша азайту.
Пікірлер