A+ A A-

talgatzhan 31 Бүгін, 14:05 0

ШҚО-да қызылшаның 13 жағдайы тіркелді

Бүгін / ШҚО

Бұл туралы ШҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Слямғазина мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Аурудың 4 жағдайы Өскемен қаласында, 8 жағдайы Тарбағатай ауданында және 1 жағдайы Глубокое ауданында анықталған.

Жалпы еліміз бойынша қызылшаға шалдыққандардың басым бөлігі — 14 жасқа дейінгі балалар. ШҚО-да тіркелген 13 жағдайдың 7-сі (53,8%) балалар мен жасөспірімдер арасында анықталған.

Денсаулық сақтау министрлігі аурудың алдын алу мақсатында бірқатар шара қабылдаған. Атап айтқанда, 6–10 айлық балаларға қосымша иммундау жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, екпе алмаған балаларды вакцинациялау ұйымдастырылып, профилактикалық жұмыстар күшейтілген.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайтында 2 наурызда жарияланған мәліметке сәйкес, ел бойынша қызылша жағдайларының саны азайғанымен, эпидемиологиялық ахуалды толық тұрақтандыру әлі мүмкін болмай отыр. Қызылша деректерінің ең көп саны Астана, Алматы қалаларында, Алматы облысында, сондай-ақ Батыс Қазақстан, Атырау және Қостанай облыстарында тіркелген.

Сәуле Слямғазина ата-аналарды балаларын уақытылы вакцинациялауға шақырды.

— Егер балаларыңыз немесе жақындарыңыз қызылшаға қарсы екпе алмаған болса, тіркелген медициналық ұйымға барып, шұғыл түрде вакцина салдыру қажет. Есте сақтаңыздар, қызылшаға қарсы иммундау — бұл инфекцияның алдын алудың ең тиімді жолы, — деді ол.

Маманның айтуынша, қызылша — өте жұқпалы жедел вирустық инфекциялық ауру. Оның негізгі белгілері: дене қызуының 40,5 °C-қа дейін көтерілуі, ауыз қуысы мен жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабығының қабынуы, конъюнктивит және теріде дақты-бөртпелі бөртпелердің пайда болуы.

Қызылша вирусы ауа-тамшы жолымен таралады және ауада немесе түрлі заттардың бетінде екі сағатқа дейін сақталуы мүмкін. Сондықтан инфекцияны жұқтыру үшін науқас адаммен тікелей байланысудың өзі міндетті емес. Мамандардың мәліметінше, екпе алмаған 10 баланың 9-ы вируспен байланысқа түскен жағдайда қызылшаға шалдығады.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив