A+ A A-

talgatzhan 54 29-10-2024, 17:25 0

Өскеменде ХІ облыстық “Сәулетай” балалар спорттық ойындары басталды

Бүгін / Өскемен

Бүгін Өскемендегі жеңіл атлетикадан олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде ХІ облыстық “Сәулетай” балалар спорттық ойындарының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Айтулы шараға ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов, ШҚО Білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышева мен спорт жанкүйерлері қатысты. Шын мықтыларды анықтайтын сайысқа шығыстың 13 елді мекенінен 2010-2011 жылы туған жас спортшылар келді. Олардың барлығы біркелкі формамен алаңға шығып, өздерін таныстырды.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, биыл 500-ге жуық бала бірнеше спорт түрінен бақ сынасатын болады. Оның ішінде жеңіл атлетика, жүгіру, ұзындыққа секіру, доп лақтыру, эстафета, волейбол, шахмат, тоғызқұмалақ, армрестлинг, асық ату мен үстел теннисі бар. 
- Бүгінгі шараның тарихы 1998 жылдан басталады. Сол уақытта мектеп-интернат оқушылары мен балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін спорттық ойындар ұйымдастырылып тұратын. Бұл жарыс әсіресе ауыл мектептері арасында кең танымал. Сондықтан жас спортшылардың болашақта үздік нәтижелер көрсететіне сенімдімін, - дейді ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов. 
Төрт күнге созылатын тартысты бәсекеге келген спортшылардың арасында бұған дейін де жоғары жетістіктерге жетіп жүргендер бар. ШҚО Білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышеваның сөзінше, мұндай шараның мектеп оқушыларының жан-жақты дамуы үшін маңызы зор. 
- Облысымызда балалар үшін үлкен шара басталды. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан “Сәулетай” спорттық ойындары барлығының басын қосты. Оның басты мақсаты - жастардың салауатты өмір салтына деген қызығушылығын ояту. Сондай-ақ сайыс аясында аудандардан келген балалар бір-бірімен танысып, жаңа орта құра алады, - деді ол. 
Ал жеңісті мақсат еткен жасөспірімдердің барлығы аудан намысын қорғау үшін ерекше дайындықпен келген. Солардың бірі - катонқарағайлық Әлихан Есболатов волейболмен біраз уақыт айналысып келеді екен. 
- “Сәулетайға” алғаш рет қатысып отырмын. Жарыста волейболдан өнер көрсететін боламыз. Өзім 2-3 жылдан бері осы спорт түрімен шұғылданып, облыстық турнирлерден жүлделі орындарға ие болып жүрмін. Ауданымызда да волейбол жақсы дамыған. Сондықтан дайындыққа ерекше мән бердік. Жеңіске жетіп, бапкерлеріміз бен ата-аналарымыздың үмітін ақтауға барымызды саламыз, - дейді жас спортшы. 

Қымбат МУХАМАДИЕВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив