A+ A A-

talgatzhan 33 Бүгін, 09:30 0

Катонқарағай ауаға мүлде зиянды шығарындылар тарамайтын елдегі алғашқы аудан болмақ

Бүгін / Басты / Катонқарағай

Облыс әкімдігінде Катонқарағай ауданын дамыту жайы талқыға салынған жиын өтті. Оған аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов, Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров және Aitas холдингінің өкілдері қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Отырыс барысында аудан әкімдігі мен Aitas холдингі бірлесе әзірлеген Катонқарағайды дамытудың стратегиялық құжаты ұсынылды. 
Жуырда облыс әкімін қабылдаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туризм саласын дамытуды жалғастыруды тапсырған болатын. Бұл мақсатта облыс әкімдігі кәсіпкерлермен бірлескен жұмысты күшейтіп жатыр.
– Соңғы 7 жылда Катонқарағайда 100-ден астам жоба іске асырылды. Оның 75-і туризм саласына қатысты. Аудан әкімдігімен бірлескен жұмыстың арқасында қызмет көрсетілген туристер саны 5 есе, бөлшек сауда көлемі 2 есе, мектептердегі білім сапасы 20%-ке өсті. Енді Катонқарағайды дамытудың 2030 жылға дейінгі жоспары әзірленіп отыр, - деді Aitas Meken foundation корпоративтік қорының атқарушы директоры Фатима Герфанова. 
Оның айтуынша, ондағы негізгі мақсат - саналы туризм кластерін құрып, ауданның өз экономикасының 50%-ін қамтамасыз ете алуына қол жеткізу. Стратегиялық құжатқа сәйкес ауданда бес жылда халықаралық деңгейдегі 2 қонақүй, 2 музей, 3 көпфункционалды сауда және туристік кешен, ауыл шаруашылығы өнімдері сатылатын 2 базар салынбақ. 
Катонқарағай мен Өрел негізгі тірек ауылдар болады деп көзделген. Олар базалық инфрақұрылыммен толықтай қамтылып, 3 жаңа мектеп, 2 балабақша бой көтереді. Холдинг өкілдері басқа ауылдардың да назардан тыс қалмайтынын айтып отыр. Экологияға да баса мән беріліп, халықаралық Green Destination сертификатын алу жоспарланып отыр. Осылайша, Катонқарағай ел бойынша ауаға мүлде зиянды шығарындылар тарамайтын алғашқы аудан болмақ.
– Шығыс Қазақстандағы шекаралық аудандар Президенттің жеке шешімімен ашылған. Олардың дамуы Мемлекет басшысының жеке бақылауында. Егер Катонқарағайдағы осы жоба сәтті іске асатын болса, бұл қалған аудандарға үлгі болады, - деді Ерлан Саиров.
ШҚО әкімі өз сөзінде ұсынылған стратегиялық құжат өңірдің 2030 жылға дейінгі даму жоспары аясында жіті қаралатынын жеткізді. Сондай-ақ туризмді ілгерілетудің арнайы жоспары да жеке әзірленіп жатыр. 
– Облысты дамыту мақсатында жұмыс істеуге ниет білдірген кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, барынша жағдай жасауымыз керек. Катонқарағай тек қазақстандық емес, шетелдік туристер көптеп келіп, таңқалып, айналасындағыларға жарнамалап айтатындай мекенге айналуы тиіс, - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Өңірдің туризм саласын дамытуға жергілікті кәсіпкерлер қарқынды тартылып жатыр. Aitas холдингі Катонқарағайдан бөлек, Ұлан және Шемонаиха аудандарында жұмыс істеуді көздесе, Риддер қаласы, Үлкен Нарын, Марқакөл және Күршім аудандарына басқа бизнес өкілдері де қаражат құймақ.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив