Бүгін С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да “Есірткісіз Қазақстан” тақырыбында жастармен кездесу ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Іс-шараға “Esbol Qory” қоғамдық қорының төрағасы Жандос Ақтаев, құқық қорғау органдарының өкілдері мен жастар ұйымының мүшелері қатысты. Негізгі тақырып - есірткімен күрес және оның қоғамдағы қаупі.
- Жастар есірткі бизнесіне араласуда. Осылайша, ақша қуып, өз болашақтарынан айырылуда. Қазақстан есірткі қылмысынан әлем бойынша 8-ші орында тұр. Қазір 4000-нан астам жас осы қылмыс бойынша жазаларын өтеп жатыр. Сондықтан еліміздің бірнеше аймағында кездесулер өткізіп, жастармен сұхбаттасып жатырмыз. Біздің басты мақсатымыз - жастарды жаман әрі қауіпті жолдан арашалау, ескерту. Болашақ - жастардың қолында, - деді “Esbol Qory” қоғамдық қорының төрағасы Жандос Ақтаев.
Есірткімен күреске жоғары үлес қосқан белсенді жастарға Еуропаға жолдама беріледі. Бұл халықаралық форум негізінде айқындалады.
- Біздің университеттің жастары жат қылықтан, жаман әдеттен аулақ. Олар ғылымға, білімге ұмтылады. Осындай іс-шараларды өткізу өте маңызды. Әр адам өмірінде өз орнын табу керек. Көп таңдаудың дұрысын таңдау маңызды. Тәуелділіктен бас тарту - үлкен жетістік, - деді С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры Жанетта Қалимолдина.
ШҚО прокурорының көмекшісі Қайырбек Хайдаровтың сөзінше, өткен жылы есірткі бойынша 12 қылмыстық іс қозғалды. Сол себепті өңірде есірткіге қарсы бірқатар жоба қолға алынды.
- Жастарды қорғау, қаланы қауіпсіз ету - басты міндет. Осы ретте IT саласының мамандары мобильді қосымша ойлап тапты. Есірткінің қойылған жерін немесе оған қатысты жазуды байқасаңыз, бірден қосымшаға енгізе аласыз, - деді Қайырбек Хайдаров.
Бұдан бөлек, жастармен әңгімелесу барысында дропперлік мәселесі де көтерілді. ШҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер бойынша тергеушісі Жандос Мұзтауовтың айтуынша, дропперлікпен айналысқан адам бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
- Дропперлік те алаяқтыққа жатады. Көбіне бұл іспен студенттер айналысады. Жеңіл ақша табу мақсатында жасалған қылмыс үшін жауапкершілік қарастырылған. Яғни, адам 7 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Дропперлер әлеуметтік желілер арқылы жұмыс жасайды. Сондықтан оларды табу қиынға соғады. Кез келген жағдайда барынша сақ болыңыздар, - деді Жандос Мұзтауов.
Сессия барысында жиналған жастарға танымдық бейнероликтер де көрсетілді. Іс-шара соңында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, өзара пікір алмасты.
- Жастар үшін осындай кездесулердің маңызы зор. Оңай ақша табу үшін кез келген дүниеге қызығамыз ғой. Ал бүгінгі кездесуден түйгенім мол. Спикерлер тақырыпты жақсы түсіндіріп берді, - деді студент Айназ Арманова.
Пікірлер