A+ A A-

talgatzhan 55 Бүгін, 16:30 0

Жалақы – 700 мың теңгеге дейін: Самардағы қожалық жұмысына GPS технологиялар енгізілген

Бүгін / Самар

Ауданда заманауи технологияларды шаруашылыққа енгізе бастағандардың бірі – «Амирғали» шаруа қожалығы, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қожалық өз жұмысын 2021 жылдан бері жүзеге асырып келеді. Шаруашылық Аққала ауылында орналасқан. Шаруашылықтың негізгі қызмет бағыты – өсімдік шаруашылығы. Кәсіпорын иелігінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы 1000 гектар жер бар. Оның барлығы егістік алқапқа жатады.

Белгілі болғандай, онда 6 адам еңбек етеді. Қызметкерлердің орташа жалақысы 270 мыңнан 700 мың теңгеге дейін. Ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізу үшін шаруашылықтың жеке техникасы бар. Оның қатарында тракторлар, комбайн, тіркемелер және тіркемелі жабдықтар бар.

Шаруашылықты дамытудың басым бағыттарының бірі – заманауи цифрлық технологияларды енгізу. Биылдан бастап ауыл шаруашылығы техникасының барлығы GPS-автопилот жүйелерімен толық жабдықталуда.

– Агробизнес қателікті кешірмейді. Тиімсіз пайдаланылған әрбір гектар – тікелей шығын. Сондықтан шаруашылық басшылығы заманауи технологияларды енгізу арқылы кәсіпорынның экономикалық тұрақтылығын арттыру жөнінде стратегиялық шешім қабылдады, – дейді Талғат Батпанов.

Оның айтуынша, GPS-автопилоттарды пайдалану бірқатар маңызды міндетті қатар шешуге мүмкіндік береді. Жүйе далалық жұмыстарды жоғары дәлдікпен орындауды қамтамасыз етеді. Бұл тұқым, жанар-жағармай және тыңайтқыш шығынын үнемдеуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, технология өндірістік процестерді ашық бақылауға мүмкіндік береді. Басшылық пен мамандар нақты уақыт режимінде орындалған жұмыстар көлемі мен әр механизатордың нақты еңбек өнімділігін бақылай алады.

Технологияның тағы бір артықшылығы – техника операторларына түсетін жүктемені азайту. Белгіленген қозғалыс бағытын автоматты түрде сақтау механизаторлардың шаршауын төмендетіп, оларға егіс пен топырақты өңдеу сапасын бақылауға көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді.

Шаруашылықта технологияны енгізудің экономикалық тиімділігі де атап өтіледі.

– Басшымыздың есептеуінше, тұқым мен жанар-жағармайдың артық шығынын болдырмау және еңбек өнімділігін арттыру есебінен GPS-автопилот жүйесі жабдық құнын небәрі екі маусым ішінде толық өтейді, – деді Талғат Батпанов.

Осылайша, GPS технологияларын енгізу «Амирғали» шаруа қожалығы үшін ауыл шаруашылығы техникасын жаңғыртудың ғана емес, өндірістің дәлдігін, еңбек өнімділігі мен жалпы тиімділігін арттырудың маңызды құралына айналып отыр.

Әдемі АМАНГЕЛДІ (Фотосурет ашық дереккөзден)

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив