
Зайсандық Сәуле Серікбаева зейнет жасына келсе де, шәкірт баптап келеді
Зайсан ауданында ұзақ жылдар бойы ұстаздық етіп, дене шынықтыру саласына өлшеусіз үлес қосқан ардагер мұғалім Сәуле Серікбаева қазірдің өзінде белсенді өмір салтын ұстанып келеді. Оның шәкірттері облыстық, республикалық жарыстарда топ жарып жүр. Жалпы, дене шынықтыру пәнінен нәзік жандының сабақ беруін күнде көре бермейміз. Жуықта спорт пен ұстаздықты ұштастырған жерлесімізбен сұхбаттасып, 60-тан асса да салауатты өмір салтын ұстану сырын сұрап білдік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
– Өзіңізді қысқаша таныстырып өтсеңіз. Қай ауылдың тумасысыз?
– 1962 жылы Зайсан ауданына қарасты Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келдім. Өз қатарластарыммен бірге осы ауылда өсіп, мектепті де осы жерден тәмамдадым.
– Нәзік жандыларды күнде спортзалда көре бермейміз. Жалпы, спортқа деген қызығушылығыңыз қашан басталды? Қандай спорт түрлерімен айналыстыңыз?
– Спортқа деген қызығушылығым оқушы кезімде басталды. Мектеп құрама командаларының белсенді мүшесі болып, аудандық жарыстарға жиі қатыстым. Жүгіру, секіру, доп ойындары секілді түрлі спорт түрлерімен айналыстым.
– Неше жыл дене шынықтыру пәнінен сабақ бердіңіз? Осы салаға келуіңізге не себеп болды?
– Алматы қаласындағы ауыл шаруашылығы институтының инженер-механика факультетін үздік дипломмен тәмамдадым. Студенттік жылдары волейбол, баскетбол, үстел теннисі бойынша жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. 1989 жылы Үлкен Қаратал ауылында ұстаздық еңбек жолымды бастадым. Алғашында техникалық пәндерден сабақ беріп, кейін оқушыларды волейбол, баскетбол секілді спорт түрлеріне баули бастадым. Аудандық жарыстарда жақсы нәтижелер көрсеттік. Спортқа деген ішкі жігер мен қызығушылық мені осы салаға түбегейлі алып келді. Кейін Өскемен қаласындағы жоғары оқу орнында спорт мамандығы бойынша білім алдым. Бүгінде зейнет жасында болсам да, жас ұрпаққа салауатты өмір салтын насихаттауды жалғастырып келемін. Көптеген шәкіртім облыстық, республикалық жарыстардың жеңімпаздары атанды. Ұзақ жыл бойы осы пәннен сабақ беруіме басты себеп – спортқа деген махаббат болса керек.
– Сіздің ойыңызша, мұғалім мен спортшы болуды қатар алып жүру қаншалықты қиын?
– Бұл – ең алдымен жүрек қалауы. Егер адам өз ісін сүйсе, қиындық сезілмейді. Спорт – денсаулық кепілі. Өмірдің өзі қозғалыстан тұрады. Сол себепті қай ортада болсам да, белсенді болуға тырысамын.
– Жас ұлғайған сайын спортпен айналысу қаншалықты маңызды? Күнделікті әдеттеріңізбен бөліссеңіз.
– Жас ұлғайған сайын қозғалыс маңызы арта түседі. Күн сайын таңертең 1,5-2 шақырым жаяу серуендеймін. Бұл күнді сергек бастап, бой сергітіп, күні бойы өзіңді жақсы сезінуге көмектеседі.
– Шыңға шыққан шәкірттеріңіздің бір-екеуіне тоқталсаңыз? Мектеп бітірген соң үлкен спортқа бет бұрғандар бар ма?
– Әр шәкіртімнің жетістігі – мен үшін үлкен мақтаныш. Қазақстанды әлемге танытқан дзюдошымыз Гүлжан Исанова – менің түлегім. Ол екі дүркін Азия ойындарының қола жүлдегері. Онымен әрдайым мақтанамын. Оқушыларға чемпионның жетістіктерін айтып жүремін. Бұл оларға мотивация береді.
– Ұлыңыз да сіздің жолыңызды қуған екен. Өзі таңдап па еді?
– Ұлым – Есбол. Қазір дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Кішкентайынан менімен бірге жарыстарға барып, спорттың ортасында өсті. Сондықтан бұл оның өз таңдауы. Мен ешқашан мамандық таңдауға мәжбүрлеген емеспін. Әр адам өзінің қалаған мамандығында оқып, білім алуы керек. Сонда ғана өзің биік шындардан көрсете алады.
– Қызыңыз да ұстаздық жолды таңдаған. Бұл туралы не айтасыз?
– Қызым тарих пәнінен сабақ береді. Ол да спортқа жақын, волейбол жақсы ойнайды. Кейде тәжірибе алмасып, бірге жұмыс істеудің өз қызығы бар.
– Зайсан ауданында спортты дамытуда қандай мүмкіндіктер бар?
– Қазір ауданымызда спортқа жақсы көңіл бөлініп келеді. Ауылдарда спорттық модульдер салынып жатыр. Жарсу мен Айнабұлақ жұрты қуанып қалды. Өте дұрыс бастама болды. Бұл – ауыл балалары үшін үлкен мүмкіндік. Аудан орталығына келмей-ақ, шалғай ауылдарда жаттығу жасап, шымыр болып өседі. Осындай мүмкіндіктер қарастырылып, спортқа көңіл бөлінгені спортшы ретінде де, ұстаз ретінде де мені қатты қуантады.
– Қазіргі аудан жастардың спортқа қызығушылығын қалай бағалайсыз? Жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Жастардың спортқа қызығушылығы жоғары. Қыз-келіншектерге арналған клубтар да жұмыс істейді. Жалпы, салауатты өмір салтын ұстану – әр адам үшін маңызды. Қыздарға айтарым – өздеріңізге сеніңіздер. Қазақ елінің намысын қорғап жүрген қыздар аз емес. Сіздер де биік белестерді бағындыра аласыздар.
– Өмірлік ұстанымыңыз қандай?
– Өмірлік ұстанымым – салауатты өмір салтын насихаттап, әрдайым қозғалыста болып, көтеріңкі көңіл күймен өмір сүру. Спорттың жаманы жоқ. Бірі тәртіпке, бірі төзімділікке баулиды.
- Спорттағы жүріп өткен жолыңызды бөліскеніңізге көп рақмет!
- Сіздерге де рақмет!
Ұлжан ЖАЛЫНДАҚЫЗЫ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер