
Қоян-қолтық ұрыстан Әлем чемпионы, күршімдік Дәулет Темірхановтың кітабы оқырманға жол тартты
Елімізде ең алғаш құрылған арнайы жасақ бөлімдерінің негізін қалаушы және алғашқы командирінің «Бүгілмес болат, сынбас семсер» атты кітабының тұсаукесері Астана қаласында өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Деректі детектив желісімен
Жерлесіміздің еңбек жолы, қызметтегі қызықтары мен қауіпке толы қарбалас сәттерден сыр шертетін ғұмырбаяндық кітап бірқатар құрметті азаматтың басын қосты. Жыл аяқталуға шақ қалғанда нақты бір саланың ерекшелігін егжей-тегжейлі баяндайтын еңбек арнайы жасақ операцияларымен таныстыратын суреттерден де кенде емес. Салтанатты шараның өтуіне Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мұрындық болған. Кей оқырман Дәулет Темірхановтың қоян-қолтық ұрыстан ардагерлер арасында алған жүлделеріне қарап, спортшы ретіне тануы мүмкін. Дегенмен ол аса қауіпті қылмыскерлерді жөнге, тентегін тезге салып, қоғамда тәртіп сақталуына сүбелі үлес қосқан азамат. Бұған «Бүгілмес болат, сынбас семсерді» оқи отырып көз жеткізуге болады.
Жалпы, «Арлан» арнайы жасағының алғашқы командирі, ҚР құқық қорғау саласының майталманы, полиция полковнигінің кітабы үш бөлімнен тұрады. E-history.kz ақпаратынша, деректі детектив желісінде жазылған бұл кітапта 90-шы жылдардағы кепілге алынғандарды босату, қарулы қылмыскерлер мен ұйымдасқан қылмыстық топтарды ұстау және жою, қоғамға қауіп төндірген экстремизм мен терроризм актілерін оқшаулау, т.б. арнайы жасақтың ерен еңбегі мен ерлік істері баяндалады. Болашақ ұрпаққа патриотизмнің шынайы үлгісін ұсынатын бұл шығарма, сондай-ақ кинематографияға сұранып тұрған оқиғаларға толы.
Тақырыптары да оқырман тартады. Көбінде қылмыстың бел ортасында жүріп, оқиға қалай өрбігені қаз-қалпы баяндалады. «Бір өзеннің қос жағасы немесе Рыжий Алмазды ұстау», «Рэкетпен бетпе-бет», «Жұртты үрейлендірген «Четыре братья» және басқа тақырыптар әр бөлім мазмұнын байыта түседі. Деректі детектив кітаптың жарнамасы емес бұл, қылмыс өршіген тұста арнайы жасақ өкілдерінің жүйелі әрекетіне үңілу деген жөн болар. Арнайы жасақтың қалыптасуы, оның даму кезеңдері жазылады. Одан бөлек, мұнда патриотизм, Отанға қызмет ету насихатталған.
Сыныптастар сыйластығы
Салтанатты шара кезінде сөз алған меймандар қатарында мемлекет қайраткері Әлихан Бәйменов, Тарих ғылымдарының кандидаты Абай Тасболатов, белгілі спорт журналистері Несіп Жүнісбаев, Оңдасын Елубай, әскери қайраткер Дәулет Салханов және басқа да мемлекет, қоғам қайраткерлері, депутаттар, шығармашылық адамдары болды. Олар тілеулестіктерін, деректі кітап туралы лебіздерін білдірді. Фотокөрме, ақындар тартуы, театр және кино актерлерінің монолог оқуы – басқосуға тұздық болды. Кітап авторының сыныптасы Рая Ошақбайқызының сөзінше, мазмұны терең, оқиғалары әсерлі һәм құнды ақпараттарға толы.
– Күршімдік жерлесіміз, сыныптасымыз Дәулет Темірхановтың «Бүгілмес болат, сынбас семсер» ғұмырбаяндық кітабының тұсаукесері Ұлттық Академиялық кітапханада өтті. Халық мол жиналды. Дәулет Темірхановқа осы жерде екі жоғары медаль табыс етілді. Құтты болсын, Дәулет! Қонақтар сыныптасымның жолдасы Ләйлаға да рахметтерін айтып жатты. Бәріміз сыйлыққа бір-бір кітаптан алып, үйімізге жақсы көңіл-күймен қайттық. Деректі еңбек арнайы жасақтың қызметі ғана емес, командирдің өмірлік жолы, кәсіби және тұлға ретінде өсуінен сыр шертеді, – деді ол.
Еске сала кетейік, Buqara.kz тілшісі кітап авторы қоян-қолтық ұрыстан Әлем чемпионы атанғанда былтыр Шығыс Қазақстан облыстық «Менің өлкем» газетіне көлемді мақала жазған болатын. Жуықта өткен салтанатты шараға қарап, спорт, қызмет және жеке өмірді үйлестіре жүріп, шиеленісті жайттарға толы шым-шытырық кітап жазуға еш кедергі жоқтығына көз жеткіздік. Жетпісті алқымдаған жерлесіміздің ауқымды аламандарда әлі де жарқын жеңістерімен қуантатынына сенім мол.
Әділхан ЕСІМХАНОВ (Фотосуреттерді ұсынған – Дәулет Темірханов)
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер