Облыс орталығындағы дәмханалардың бірінде 23 жастағы ер адамды өлтірген өскемендік қылмыскер 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Лихарев көшесіндегі қайғылы оқиға 2023 жылдың қарашасында болды.
- Дәмханаға келген екі қонақ жанжал шығарып, соңы төбелеске ұласқан. Жанжалға қатысушылардың бірі екіншісін қолынан және кеудесінен бірнеше рет пышақтаған. Жас жігіт жедел жәрдем бригадасы келгенше тіл тартпай кетті, - делінген соттың ақпаратынша.
Қанды қол қылмыскер іле-шала дәмханаға оралып, қолына пышақ ұстап, табалдырықтан: "Кім келесі?!"деп айқайлаған. Кейін ол қылмыс орнынан достарымен бірге тайып тұрды, бірақ көп ұзамай оны полиция қызметкерлері тұтқындады.
Айта кетейік, он жылға бас бостандығынан айырылған қылмыскер қаладағы университеттердің бірінің бұрынғы студенті, күреспен айналысқан. Қылмыс болған күні ол дәмханаға жаттығудан кейін келген. Мақұмның әйелі үш баласымен жесір қалды. Айыпталушы оған келтірілген моральдық зиянды өтеуге міндетті.
Пікірлер