Аталған шағын аудандағы Жерұйық көшесінің тұрғындары көшеге жарық жүргізіп беру жөнінде өтініштерін айтып келе жатқанына бірнеше жылдан асқан, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Күн батып, айнала қараңғылық құрсауына шырмалғанда мектепке қатынайтын балалар мен егде кісілердің жүріп-тұруына кедергі келтіретін.
«Біздің көшеде үйлер саны жыл сайын артып келеді. Қазірдің өзінде жиырмадан астам түтін бар. Ал енді көше бойында бағаналар бар болғанымен, онда көшеге жарық беретін шамдар орнатылмай келген болатын», — деп бөлісті Жерұйық көшесінің тұрғыны Әміра Ақшабаева.
Жуырда аталмыш мәселені тұрғындар «КЭМОНТ» АҚ басшылығына жүгініп, жеткізген екен. Өңірдің жетекші электрмонтаждаушы компаниясы бұқараның тілегін жерде қалдырмай көше бойындағы бағаналарға 19 жарықшам орнатып берді. Жарық беру қуаттылығы жоғары жарықшамдар түнгі уақыттарда көше сәнін келтіруде. Сонымен қатар, жалпы шағын аудан бойынша 60-тас астам жарықшамдар жаңаланған екен.
«Біз тұратын көшеде жарық болмағандықтан, балаларымыз сабақтан үйге оралғанша жанымызды шүберекке түйіп, алаңдайтынбыз. Кейде өзіміз алдарынан шығып күтіп алатынбыз. Балалар тұрмақ, ересектердің өзі түнде тас қараңғы көшемен жүруге қорқатын. Сол себепті осы көшемізді жарықтандыруды тиісті мекемелерге талай мәрте өтіндік. Бұл жолы көршілерімнен осы жарықшамдарды «КЭМОНТ» орнатып берген екендігін естідім. Енді міне көшеміз жарқырап тұр. Алғысымыз шексіз» — дейді Жұлдызгүл Күдербаева, Өскемен қаласы, 20-шы шағын аудан тұрғыны.
Өскемен қаласы тұрғыны Ақерке Мысырқызы осы көшенің кешкі уақыттарда самаладай жарық болып тұрғаны көшеде былтыр күзде ашылған балабақшаға бүлдіршендерін жетелейтін ата-аналарға да қуаныш сыйлағанын жеткізді.
«Мен Әл-Фараби даңғылынан баламды осы көшедегі балабақшаға әкелемін. Бұрын қап-қараңғы еді. Қазір жап-жарық. Енді, ары-бері қатынауға, еркін жүріп-тұруға қауіпсіз», — дей келе өз ризашылығын білдірді.
Пікірлер