A+ A A-

talgatzhan 57 15-03-2025, 23:30 0

Өскеменде «Жармақ» спектаклінің тұсауы кесілді

Өскемен / Бүгін

ШҚО драма және оперетта театры өнерпаздары бұл жолы әр жастағы көрерменге қазақтың қабырғалы қаламгері Мұхтар Мағауиннің романын трагифарс үлгісінде ұсынды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Театрда тұсаукесер десе әдеттегідей, сенбінің кеші еске түседі. Көбіне дерлік ыңғайлы уақыт. Шыттай киінген жастар, үйдегі тірлігін реттеп, қамданып шыққан ересектер алдыңғы қатарларға жайғасуға тырысады. Олар қай жерге орнықса да, түбі айлап жүргізілген әзірліктің куәсі атанады.
Бұл жолы зал лық толды демесек те, ілгерінді-кейінді кешігіңкіреп келгендері әдебиеттің әміршісі, тарихтың тамыршысы атанған прозашының шығармасына үңілуге құлшынды. Қойылым басталғанда бірден көз алдыңа көңілсіз сәттегі күңгірт кеп әкелетін әсерлі әуен қосылды. Оң жақтағы ұзын үстелде қазақ ұлтының болашағын ойлап, тарау-тарау еңбектер, өткір һәм өзекті мақалалар жазып жүрген Мұрат Қазыбектің толғанысы бірден сезілді. Жұбайы Балжан кенеттен келіп, сөмкесін ұрлатып алғанын айтқанда бәлендей қайғыра қойған жоқ. Тәртіп күзетіндегілерге арыз жазайық деп қолқа салғанда да, «өзің амансың ба әйтеу?» деп байбалам салуға асықпады. Мұрат Бейсенұлының ойынша, ақша тапшылығы, тамақтан таршылық көру сияқты келеңсіздіктер ұлт тарихы түгенделмей тұрғанда түк емес. Халықтың көзі ашылса, материалдық қажеттіліктер өздігінен реттеледі. Сахна төрі буалдыр тартып, спектакль астары трагедияға құралғанын байқатты. Айтпақшы, бұл трагифарс жанры. Яғни, трагедия мен фарс (жеңіл мазмұнды комедия) элементтері біріктірілген. Мұрат Бейсенұлы Қазыбековтің жармағы Марат Бейсенұлы Қазыбеков. Аталған романның өн бойы қиял мен мистикаға толы болса да, негізі шынайы өмірден алынған. Адамдар қақ жарылып, бүтіннің бөлшегіне айналып жатпаса да, әр адам өз ішінде ұдайы екі ойдың жетегінде жүретіні, әр кезде екі жолдың жолайрығында тұратыны айтпаса да белгілі.
Шығарма арқалаған мұрат сол, қоғамдық ахуал. Ескі мен жаңа қоғам қайшылығы, бірі ақша мен байлыққа құмартса, екіншісі білім қуған жігіт. Мұрат Қазыбеков сонаау Марко Поло, Рубрук заманынан бергі тарих қатпарларына үңілсе, Марат Қазыбеков көбін материалдық құндылықпен өлшейді. Ой үндестігі бір арнаға түсуге шақ қалса да, пікірлер алуандығы жолдарын екіге айырып отырды. Марат Бейсенұлы «біз екі жарты емес, қосыла алмаған екі бүтінбіз» деп ышқына айқайлап, жармақ сөзін көрермен қауымға тағы бір түсіндіріп берді. 
Жалпы, трагифарс екі бөлімге жалғасты. Антракт кезінде студенттердің кейбірі спектакль астарын сол күйі түсіне алмай отырғандарын жеткізсе, енді бірі Мұрат Қазыбековтің күні не болар екен деп қам жеді. Екінші бөлімнің басында жер мәселесі көтеріліп, мүлде күтпеген сценарий куәсі болдық. Қойылым мазмұны біртіндеп тарихты қазбалады. Бұл ретте Марат Бейсенұлының рөлін сомдаған Едіге Ақылбеков те, санасы сан-саққа кеткен Балташ Абылхаков (Мұрат Қазыбеков) та көпке тілі жеңіл, оралымды диалог ұсынды. 
Қойылым режиссері Мейрам Хабибуллиннің сөзінше, осыны ойдағыдай алып шығу үшін екі ай дайындалды. Өзі Ақтөбе қаласының тумасы. Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрының режиссері. Өскеменге арнайы шақырылған.
– Екі ай ішінде романдағы барлық мәселе мен оның құндылығын көрсетуге тырыстық. Өйткені, қазақтың ұлттық коды бар. Шығарма арқылы өзіміздің биікке шығып, одан қалай құлағанымызды жеткізгіміз келді. Мұхтар Мағауин менің ең сүйікті жазушыларымның бірі. Әр роман, повесінде қазақ тартқан бейнетті ашып көрсетуге тырысады. Өзім осы труппамен жұмыс істегеніме өте қуаныштымын. Шағын болса да, ішкі тілеулестіктеріне сүйсіндім, – деді ол.
Қоюшы режиссер «Жармақтың» өте күрделі шығарма екенін бірден айтты. Бүгін өз нұсқалары бойынша көпке ұсынды. Дегенмен Мейрам Хабибуллин әлі айтылмаған дүние көп екенін жеткізді. Осы спектакльді үлкен сахнаға алып шығуды көптен ойластырып жүрген. Мұның алдында «Шақан Шері» романын (Жезқазғанда) көрермен назарына ұсынған. «Жармақ» – екіншісі. Тағы бір тұсаукесер дайындап, Мұхтар Мағауин шығармаларынан трилогия әзірлеуді жоспарлауда. Сәті түссе, Батыс Қазақстан жұрты «Тазының өлімін» тамашалайды. Ал бүгін жас көрермен театры труппасы меймандарды қуантты.
Әділхан ЕСІМХАНОВ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив