Финалда Құлынжон ауылының командасымен жолығып, тартысты өткен кездесуде 2:1 есебімен ұтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Оқушылар арасындағы ала доп бәсекесі қараша айының 19-ы күні Самар ауылында ұйымдастырылды. Матчтар екі жерде өтті: Ж. Болғанбаев атындағы Самар орта мектеп-лицейі мен №1 Самар орта мектебі. «Шұбар доп» деп аталатын Ұлттық Мектеп лигасы 9-11 сынып оқушылары арасында аудандағы ең үздік командалардың басын қосты.
Ойын барысына қысқаша тоқталайық. Ұлдар арасында жеті ұжым жарыс жолына шығып, оның төртеуі финалға өтті. Қыздар да айналмалы жүйе бойынша бар мүмкіндіктерін паш етті. Нәзік жандылар арасында Көкжыра ауылының бұрымдылары екінші орын иеленіп, жүлдегер атанды. Жарысқа қатысушылар сөзінше, ұлдар арасындағы финалдық кездесудің шешуші партиясы нағыз «драмаға» айналды. Бірінші сет құлынжондық «Мектеп-бөбекжай-балабақша кешені» волейболшыларының пайдасына шешілді. Екінші партия кезінде екі тараптан да бірнеше ойыншының жойқын шабуылы мен допты ойынға қатысуы маңызды рөл атқарған көрінеді. Алаңның бос жатқан жерлеріне допты тастай салу да ұтымды әдістердің бірі. Сөйтіп, екінші сетте Амангелді орта мектебінің оқушылары жинақылық танытып, жеңіске жетті. Қарсылас қателігін аңдып, әр шабуылдан ұпай алуға бағытталған нақты қадамның барлығы үшінші, яғни шешуші партияда байқалды. Құлынжон оқушылары бұл жерде де ұпай саны бойынша едәуір алға ұзап кеткен болатын. Жоғарыда жазылғандай, көкжыралықтар тарапынан бірнеше волейболшының допты ойынға сәтті қосуы, байланыстырушының шеберлігі есепті өзгертуге мүмкіндік берді. Сөйтіп, үшінші сет 17:15 есебімен «Амангелді орта мектебі» командасының пайдасына шешілді. Команда бапкері Мұхит Токовтың сөзінше, әр қарсылас қиынға түсті. Ауданда оза шапқан шәкірттері енді облыстық жарыста бақ сынайды. «Шұбар доп» Ұлттық Мектеп лигасының кезекті бәсекесі желтоқсан айында Өскеменде өтеді. Оған әзірлік қазірден басталып кетті.
Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі орынға ие болған командалар:
Ұлдар арасында:
1 орын – «Амангелді орта мектебі» КММ;
2 орын – «Мектеп-бөбекжай-балабақша кешені» КММ;
3 орын – «Ж. Болғанбаев атындағы Самар орта мектеп-лицейі»
Қыздар арасында:
1 орын – «№1 Самар орта мектебі» КММ;
2 орын – «Амангелді орта мектебі» КММ;
3 орын – «Аққала ауылының мектеп-балабақша кешені» КММ.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Пікірлер