Облыс әкімдігінің отырысы кезінде ауыл шаруашылығы саласы сөз болып, егістік тақырыбы талқыланды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жауапты тұлғалар арасындағы диалог облыстық Ауыл шаруашылығы басқамасының басшысы Ажар Қажыбекованың баяндамасы барысында өрбіді. Ол ең әуелі аймақтағы егістің алқабы 607,7 мың гектар екенін, оның 254 мың гектарына дәнді және бұршақ дақылдары егілгенін айтты.
- 3900 гектар аумаққа көкөніс, 174 мың гектардан астам жерге бидай егілді. Бүгінде бидайдың 96,5 пайызы, барлық дәнді дақылдардың 94 пайызы жиналды. Қамбаға төгілген өнім мөлшері 530 мың тонна, өнімділігі 22,2 центнер, - деді басқарма басшысы.
Өңір басшысы Ермек Көшербаев осы жөнінде статистика айтылып жатқанда, қазіргі уақытта жиналған өнім өткен жылмен салыстырғанда көп пе, аз ба және басқа аймақтармен салыстырғандағы нәтижені сұрады. Демек, Ажар Қажыбекова республика көлемінде де аз-кем ақпар ұсынуы тиіс.
- Былтыр дәл осы уақытта аймақта 313 мың тонна гектар өнім жиналды. Осы жылы ауа райы да қолайлы, өнім де айтарлықтай мол. Бидай сапасы жақсы, ірі. Республика бойынша біздің өңір орындаған меже нормадан асып тұр, - деді Ажар Елемесқызы.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, майлы дақылдардың 19,7 пайызы, соя мен рапстың 80 пайызы жиналды. Былтыр сояның өнімділігі 11,5 центнер, ал рапстыкі 8 центнер болды. Яғни, бір гектардан шыққан өнім осындай. Ал биыл бір гектар жерден 20 центнер соя және 15,5 тонна рапс жиналды.
- Бұл да жақсы нәтиже. Қазір диқандар шемішке шабуға кіріскен. Жалпы, биыл 266 мың гектар алқапқа егілді. Бір гектарынан 15,5 центнер өнім жиналуда. Қауырт тірлік Самар, Глубокое, Үлкен Нарын, Ұлан және Шемонаиха аудандарында жалғасуда, - деді басқарма басшысы.
Фотосурет Egemen.kz сайтынан
Пікірлер