Өңір спортшылары Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында үздік нәтиже көрсетті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Спортшылар жарыста төрт алтын және бір қола медаль жеңіп алды. Олар дәстүрлі садақ ату және арқан тарту бойынша тұғырдың ең биігіне көтерілді.
Аяш Қабдоллаева 60 метрлік «пута» жарысында жеңіске жетті. Арқан тартудан Шығыс Қазақстан командасы 8x8 және 4x4 санаты бойынша алтын медаль алса, Мейір Рахметқалиев 1x1 жекелей жарысында бірінші орын алды. Вадим Макарцов стронгмен жарысында үшінші орын алды.
Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов спортшылармен және жаттықтырушылармен кездесіп, оларды нәтижелерімен құттықтап, алғыс хаттар мен сертификаттар табыстады. Жеңімпаздар 1 млн теңгеге ие болды.
– Сіздер Шығыс Қазақстан мен бүкіл елдің абыройын асырдыңыздар. Әр медальдың артында үлкен еңбек, күнделікті жаттығу, мінез және өзіне деген сенімділік тұр. Жерлестеріміздің ұлттық спорт түрлерінде табысты өнер көрсетіп, дәстүрді сақтап, оларды халықаралық деңгейде көрсетіп жатқанын көру ерекше қуантады, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Пікірлер