Қазіргі уақытта Өскемен қаласының негізгі құжаты – Бас жоспарды әзірлеу бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Айта кетейік, қолданыстағы бас жоспар 2017 жылы жасалған. Бүгінде оны түзету қажеттілігі туындап отыр.
Өскеменнің сәулеттік-көркемдік келбетін қалыптастыру мақсатында қаланың орталық көшелерін кешенді абаттандыру жобалары әзірленді. Бұл жобалар ғимараттардың қасбеттерін бояу, кіреберіс элементтерін реттеу, олардың түсін үйлестіру және кедергісіз орта құру, кіріктірілген нысандардың маңдайшаларын ретке келтіру, ғимараттардың қасбеттеріне орнатылған кондиционерлерді сәндеу, түнгі жарықтандыру, қоғамдық кеңістіктер мен ғимарат маңындағы аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру бойынша ұсыныстарды қамтиды.
- Қала тұрғындары үшін абаттандыру мүмкіндігін тең дәрежеде қамтамасыз ету мақсатында алыс орналасқан, төмен қабатты аудандарды дамыту қажет деп санаймыз. Жыл сайын кемінде 5 шеткі шағын ауданның инфрақұрылымын кешенді дамыту жоспарланған. Халыққа демалыс және бос уақытын өткізуге қолжетімді аймақтар жасау қажет. Бұл шаралар екі кезеңде жүзеге асырылады, - деді қала әкімі Алмат Ақышов.
Пікірлер