A+ A A-

admin 105 16-10-2024, 11:00 0

Өскеменде Маржангүл Маниярованың «Сырлы әуен» атты ән жинағының тұсаукесері өтті

Руханият / Өскемен

Шығыс өлкесі шабыты шамырқанған өнер дарындарына дархан. Солардың бірі емес, бірегейі - жүрегінен әуезді әуен төгілген сазгер, сандуғаш үнді әнші, ҚР Авторлар қоғамының және ШҚО Композиторлар одағының мүшесі Маржангүл Маниярова.

Табиғатынан тума талант, дарын иесі Катонқарағай ауданында тұңғыш ән жинағын шығарған. Сан бояулы шығармашылығымен Шығыстың атын шығарып, абыройын асырып жүрген жерлесіміз Маржангүл Әлібекқызы кезекті «Сырлы әуен» атты ән жинағының тұсаукесер салтанатын Өскемендегі О.Бөкей атындағы орталық кітапханада өткізді.

«Қандай ғажап жүректің талғам сыры,

Көп жақсының болған қыз арман жыры!

Ән сапырған Ертістің толқынынан,

Асқар Алтай – Катонның Маржангүлі!»

Ақын Мақсұтхан Дәлейұлы осылай дәріптеген дарынды сазгер жұртшылықпен жүздесіп, кешін аяулы ата-ана мен туған жер туралы толғанысынан бастады.

Әннің ырғағы мен мақамына ерекше мән беретін халықпыз. Өйткені, өлеңсіз – өмір жетім, әнсіз – жеміссіз. Ал әннің құпия, сұлу, сиқырлы әуезін жеткізу екінің бірінің қолынан келе бермейтін дарын. Бұл күнде композитор жазған әндер тақырыптарының ауқымы кең. Лирикалық сарын, туған жерге арналған әндерді көпшілік ықыласпен тыңдайды. Сондай бір әуезді әндерінің бірі – «Жер-Ана» әні. Сазгер бұл әнінің сөзіне ерекше мән берген. Елге, жерге деген ыстық ықыласты ерекше жеткізген – Алтайдың алтын тамыры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлықбек Есдәулет. Маржангүл Маниярова өзінің кешінде Ұлықбектей Алтайдың азулы ақыны болған тұлғамен бір толқында болғанын мақтанышпен айтты.

Ел есінде қалған ән ақын мен сазгердің бір-бірін түсінгендігінен туындайтын жемісті еңбектің шырқау шегі болса керек. Шығармашылықта ерекше туындыларымен үйлесім тапқан сазгердің әуезді әніне сөз жазған - қаламы қазыналы қаламгер болған Ақтан Нұрбаев. Ақынның өлеңдері мен сазгердің әуендері ерекше үйлесім тауып, ән жинақтағы әндер тізбегінің көбісі ақынның сөзіне жазылған еді. Артына өшпес із қалдырған ақын мұрасын қазір ұрпақтары дәріптеп, шығармашылық кеште Маржангүл ханымға жылы лебіздерін білдіріп кетті.

Сазгердің шығармашылық кешіне жиналған мәртебелі қонақтар легінде шек жоқ. Белгілі қаламгерлер мен ақындар да әуезді ән кешіне келіп, ерекше шабыттанып қайтты. Маржангүл Маниярованың «Сырлы әуен» атты жаңа ән жинағының тұсауын кескен ҚР Жазушылар одағы ШҚО филиалының төрағасы Әлібек Қаңтарбаев болды. Ақынның «Мерей той» атты Маржангүл ханымның әніне жазылған әуезді әні де шырқалып көрерменнің ықыласына бөленді. Сазгердің қуанышына ортақтасқан, ән жинақтың шығуына бірден-бір үлесін қосқан облыстық Композиторлар одағының төрайымы Светлана Апасовада Маржангүл ханымға болысып, талай жылғы еңбекті артқа тастап, ендігі өнер тойында сазгерге дем берді. Мәртебелі қонақтардың легі «Алаш» халықаралық сыйлығының иегері, ақындық пен ұстаздықты абыроймен бірге алып жүрген Райысова Бақытжанмен толықты. Ал Астанадан ақ тілегін жеткізген Көпен Ерқасов сазгерге арнап ерекше өлең жолдарымен сөз маржанын төкті. Осыдан-ақ Маржангүл Маниярованың шығармашылығына ықылас артады, себебі қаламы қарымды ақындардың сөздеріне ән жазып, бұқараны рухани ризығымен байытып жүрген сырлы сазгер екеніне тағы бір мәрте көзіміз жетеді.

Шығармашылық кеште өнер әлемінің маңдайалды майталмандары, талантты өнерпаздар қатысып, Маржангүл Маниярованың әндерін тамылжыта шырқады. Өнерпаздар ішінде эстраданың жарық жұлдызы, сазгердің талай әнін өзінің бұлбұл үнімен әуелете шырқап көрермен қошеметіне бөленген Нағима Әлімбаева да бар. Шығармашылық кештің көркін қыздырған өнерпаздарға жұртшылықтың ықыласы да зор болды. Маржангүлханымныңәндеріне бейнебаян түсіріп, өзінің қоңыр дауысына салған, талайға танымал Айдын Алдархан да шығармашылық кеште бой көрсетіп, кештің тамаша өтуіне өз үлесін қосты. Әрине, туған жерден түлеп ұшқан сазгерге деген ізгі-тілегін білдірушілер қатары көп болды. Өнер тойының басқа да тамашалары толайым. Маржангүл Манияроваға маржандай мөлдіреген, естігендер елжіреген әсерлі әндер мен шексіз шабыт тілейміз. Алтайымызды әнмен тербетіп, бұқараны рухани ризығымен байыта беретін дарындарымыз көп болсын! 

Әнуарбек Дильназ Русланқызы

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
1 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив