A+ A A-

talgatzhan 68 9-01-2025, 11:10 0

ШҚО-да былтыр қай жолдар жөнделді?

ШҚО / Басты

Шығыс Қазақстан облысында 2024 жыл – Жол жылы деп жарияланғаны белгілі. Себебі өңір халқын толғандырған өзекті мәселелердің ішінде жолдың жайы алдыңғы лекте тұр. Шұрық тесік жолдардан бір жерден екінші жерге жету мұң. Туристердің де сулы да нулы өлкеге көп ат ізін сала бермейтіні де сондықтан болар. Бұл мақалада былтыр өңір көлемінде қай жолдардың жөнделгені жайлы сөз етпекпіз, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Алтай

2024 жыл тұлпардай құйғытып өте шықты. Жол жылында өңірде қай жолдар жөнделді? Оң өзгерістер бар ма? Әуелі Алтай ауданынан бастайық. Ауданда жалпы көлік өтетін 591 шақырым жол бар. Соның шамамен 95%-ы, нақты айтсақ 565,5 шақырым жолдың жағдайы жақсы. Ал қалған 25,5 шақырым жолдың жағдайы жанға батып тұр.

- 2024 жылы ауданда 11 шақырым жол орташа жөндеуден өтті. Атап айтқанда, ұзындығы 7 шақырым болатын «Прибрежный ауылына кіреберіс» аудандық маңызы бар автомокөлік жолы, Алтай қаласындағы Панфилов, Геологический, Астана көшелері, яғни жалпы 2,9 шақырым жол жөнделді. Сондай-ақ Серебрянск қаласындағы ұзындығы бір шақырым болатын Шоссейная көшесі мен Клубная көшелерінің жолдары дәл осындай жөндеуден өтті, - деді Алтай ауданы әкімнің орынбасары Айдын Лухбеков.

Өткен жылы ауданда жол жөндеуге 902,518 млн теңге жұмсалғаны белгілі болды.

- Жергілікті бюджет қаражаты есебінен 130,7 млн теңгеге жалпы ұзындығы 53,3 шақырым жол жөндеуден өтті. Соның ішінде Феклистовка, Снегирево және Заводинка ауылдарындағы көлік жолдары мен көшелер жаңарды. Сондай-ақ Малеевка ауылы мен Зубовск кентін жалғайтын жол, Богатырево, Баяновск, Парыгино, Кутиха, Александровка, Андреевка, Средигорное және Тұрғысын ауылдарындағы жолдардың шұңқырлары бітелді, - делінген сұраухатқа берілген ресми жауапта.

Аталған ауданда өткен жылға өкпе жоқ, келер жылға үміт көп сияқты. 2025 жылы Алтай, Серебрянск қалаларында, Октябрьск, Зубовск кенттерінде, Средигорное және Полянское ауылдарындағы жолдар орташа жөндеуден өтеді деп жоспарланған. Жоспар орындалса аудандағы 30 шақырым жолмен еш алаңсыз жүріп өтуге болады. Десе де жолға бөлінер қаржының соңғы сомасы мен жолдың ұзындығы сараптамадан кейін белгілі болады.

Глубокое

Глубокое ауданына қарасты жолдардың жалпы ұзындығы - 221,3 шақырым. Соның бір пайызға жетер-жетпесі, яғни екі шақырымы ғана толық жөндеуді талап етеді. Жол жылы аудан бойынша ұзындығы 16,57 шақырым жол орташа жөндеуден өткен. Осы жұмыстарға жалпы сомасы 630 млн теңгеге жуық қаражат жұмсалды.

- Ауданға қарасты бірқатар ауылдың жолы орташа жөндеуден өтті. Атап айтсақ, Кожохово ауылындағы Набережная, Мир, Садовая, Заречная көшелері; Веселовка ауылының Қайыңды, Бірлік, Подгорная, Клубный, Солнечная көшелері; Глубокое ауданы Ушаново ауылының Школьная көшесінің бойындағы 680 метр жол, Малоубинка ауылының ұзындығы 1,599 шақырым болатын Клиновицкий көшесі, Винное ауылына қарасты Школьная, Заречная көшелері, Белоусовка кентінің Жуков, Юбилейная, Садовая, Пролетарский жолағы, Гоголь көшелері, Ушанов және Опытное поле ауылдарына кіреберіс жол, №226 разъездге кіреберіс жол орташа жөндеуден өтті, - деді Глубокое ауданының Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Данар Айтбаев.

2025 жылы ауданда жоғарыда аталмаған ауылдардың жолдарын жөндеу жоспарға енгізілген. Мәселен, Уваров ауылы мен Черногорка ауылын жалғайтын жол, Прогресс ауылына барар жол, республикалық маңызы бар Глубокое ауданынан өтетін «Өскемен-Шемонаиха-Ресей Федерациясы шекарасы» тасжолының 0-4,1 шақырымы, Алтайский кенті мен Предгорное ауылдарының арасындағы 0-12 шақырым, Быструха, Перевальное, Березовка, Уварово, Степное ауылдарына қарасты көшелердің жолдары орташа жөндеуден өтеді.

Зайсан

Редакция жіберген сұраухатқа Зайсан ауданы әкімінің орынбасары Данияр Серіков жауап берді.

- Зайсан ауданы бойынша 211 шақырым жолдың жергілікті маңызы бар. Оның ішінде 191 шақырымның жағдайы жақсы болса, 20 шақырым жөндеуді талап етеді. Өткен жылы аудандағы маңызы бар жолдардың 12 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2024 жылға облыстық бюджет есебінен Зайсан ауданының жолдарын жөндеуге 1 млн теңгеден астам қаражат бөлінді, - делінген ресми жауапта.


Аудан бойынша орташа жөндеуден өткен жолдар мыналар:

  • Зайсан қаласының 8,03 шақырымы;

  • Жалшы ауылына қарасты Бутабайұлы кешесінің 1,4 шақырымы;

  • Айнабулақ ауылдық округі Қайнар ауылының1-Шартты, Сауырбаев, 2-Шартты, 3-Шартты көшелері;

  • Қуаныш ауылының жолы;

  • Шалқар ауылының Байботанов кешесінің 1,308 шақырымы.

Биыл Зайсан ауданында қай жолдардың жөнделетіндігі әлі белгісіз. «2025 жылы орташа жөндеуден өтетін жолдардың тізімі бекітілген жоқ» делінген аудан әкімдігі берген ақпаратта.

Катонқарағай

Катонқарағай ауданына тиесілі 697,2 шақырым жолдың 227 шақырымы республикалық маңыздағыдеп саналған. Ал қалған 359,2 шақырым жолдың аудандық маңызы бар. Жергілікті маңыздағы жолдың 14,2 шақырымында асфальтбетон жабыны бар, 7,1 шақырым қара-қиыршық таспен, 337,9 шақырым қиыршық таспен салынған. Аудандық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық,жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі берген ресми ақпаратта аудандық маңызы бар автожолдарда инженерлік құрылыстар бар екендігі айтылған. Нақтылап өтсек, жалпы ұзындығы 759,2 текше метр болатын 23 көпір,ұзындығы 2924,25 текше метр 275 су өткізу құбыры бар.
Жол жылы аталған аудан жолының99,4%-ының жағдайы жақсы деп бағаланған. Өткен жылы ауданда қай жолдар жөнделді? Қанша қаражат бөлінді? Осы сұрақтың нақты жауабы мынадай:

- «Согорное-Барлық-Ақсу» жолы орташа жөндеуден өтті. Ұзындығы 13 шақырым жолды жөндеу үшін облыстық бюджеттен 179 544 000 мың теңге бөлінді. Аудандық маңызы бар жолды жөндеген мердігер - «Өскемен Тазалық» ЖШС. Дәл осы мердігер компания Белқарағай ауылына кіреберіс жолды да жөндеген.Жобаның құны 157 296,894 мың теңгені құрады, жолдың жалпы ұзындығы - 3,4 шақырым. Аршаты ауылына кіреберіс жолда орташа жөндеуден өтті. Ұзындығы 12,8 шақырым жолды жөндеуге 2024 жылдың мамыр айында 157 млн теңге бөлінді. Сондай-ақаудандық маңызы бар «Жаңа Үлбі-Жамбыл-Берел»жолы жөнделді. Бұл жолды жөндеу үшін 2022 жылы облыстық бюджеттен 358 млн теңге бөлінген. Мердігер «Катонқарағай ПДУ» ЖШС аталған жолдың 9,2 шақырымын жөндеді, - деді бөлім басшысы Дастан Китакбаев.

Жол жылы Катонқарағай ауданына қарасты 12,6 шақырым жолға асфальт төселген. Ал 25,8 шақырым жолға қиыршық тас төгіліп, 2025 жылы толық асфальтталады деп жоспарлануда. Табиғаты әсем, шығыстың туристік орталығы санаталын Катонқарағай ауданында биыл біршама жолдар жөнделмек:

  • «Согорное-Барлық-Ақсу» жолының 41-54 шақырымы;

  • Өрнек ауылының кіреберісі;

  • Аршаты ауылына кіреберіс жол;

  • Аудан орталығының бес көшесін орташа жөндеу;

  • Шыңғыстай ауылының кентішілік көшелерін орташа жөндеу (асфальттау);

  • Ұзындығы 1,6 шақырым болатын Қайыңды ауылындағы көшелерді орташа жөндеу;

  • Аққайнар ауылы Абай көшесінің жолы;

  • Аршаты ауылының кентішілік көшелерін орташа жөндеу (асфальттау);

  • Коробиха ауылына кіреберіс жол;

  • Жамбыл және Өрел ауылдарының жолдар;

  • Топқайың ауылына тиесілі,жалпы ұзындығы 3,8 шақырым болатын Қазақстан көшесі мен Ауғанбаев көшесінің жолы. Сондай-ақ Топқайың ауылының мәдениет үйіне кіреберіс жолдың 500 метрін асфальттау;

  • Берел ауылының Бұқтырма, Ақтан, Қарашоқы, Мойнақ көшелерін асфальттау, жалпы ұзындығы - 3,590 шақырым;

  • Жамбыл ауылының Қазақстан, Қайнар, Жастар, Бұқтырма көшелерін асфальттау, жалпы ұзындығы - 3, 670 шақырым;

  • Аққайнар ауылының Қазақстан, Ардагер көшелерін асфальттау. Көшелердің жалпы ұзындығы - 6 шақырым;

  • Жазаба ауылының кіреберісі;

  • Ақсу ауылының көшелерін ағымдағы жөндеу (төгу және грейдинг);

  • Маралды ауылына тиесілі көлік жолдарын ағымдағы жөндеу (толтыру және грейдинг)

  • Аққайнар ауылындағы көшелерді ағымдағы жөндеу (толтыру және грейдинг).

(Жалғасы бар)

Фотосурет ашық дереккөзден

Дидар ЕРБОЛАТҚЫЗЫ



Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив




Пайдалы


Руханият

Қалаға хат 3-02-2025, 10:55

Жұлдыз жорамал

{calendar}