Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін елдегі ең ұзын көпір ақылы болуы мүмкін, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ұзындығы 1316 метр екі жолақты автомобиль көпірі тәулігіне 80 мыңға дейін көлік өткізуге қауқарлы. Халық арасында алты ауданды жалғайтын алып көпір ақылы болады деген сыбыс бар. Бұған қатысты сұраққа ШҚО Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов ресми жауап берді.
- Көлік министрлігінің мәліметінше, Күршімдегі көпір ақылы болмайды. Біріншіден, қазіргі таңда көпір республикалық баланста. Автомобиль жолдары комитеті арнайы тіркеуден өткізгеннен кейін көпір құрылысын облыс балансына қайтарып береді. Кейіннен облыстық мәслихатпен ақылдасып, көпірдің жүк көліктеріне ақылы болуы мәселесі қарастырылуы ықтимал, - деді Нұржан Жұмаділов.
Сондай-ақ басқарма басшының айтуынша, Күршім көпірін күтіп-баптау үшін қомақты қаржы керек. Мәслихат пен халықтың ақылдаса қабылдаған шешімінен кейін көпірдің ақылы болып-болмауы нақты белгілі болады.
Дидар ЕРБОЛАТҚЫЗЫ
Пікірлер