Ер адам құбырларды тексеруге немесе есептегіштердің пломбаларын ауыстыруға келгендей болып, егде жастағы қала тұрғындарының ақшасы мен құны 1 000 000 теңгеден асатын әшекей бұйымдарын қолды қылған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
- Мен үйдің ауласында отырғанда, белгісіз адам өзін «Су арнасының» қызметкері ретінде таныстырып, есептегіштерді тексеру керек екендігін айтты. Оның сөзіне сеніп, баспанамның кілтін бердім. Алайда кейінірек үйге келгенде зергерлік бұйымдар салынған қобшинаның жоқ екенін байқадым. Шығын сомасы шамамен миллион теңгені құрады, - дейді жәбірленушілердің бірі.
Ол Өскемендегі жалған коммуналдық қызметкерден зардап шеккен жалғыз адам емес. Келесі істе күдікті электрик рөлінде 72 жастағы тұрғынның пәтерінің есігін қағып, есептегіштер мен сымдарды тексеріп, қызмет ақысын сұраған. Әжені әңгімеге тартқан ол үйдегі 140 000 теңгесін ұрлап кеткен.
- Тәртіп сақшылары күдіктіні ұстады. Ол бұрын ұрлық жасағаны үшін бірнеше рет істі болған 39 жастағы Өскемен қаласының тұрғыны. Баукеспенің айтуынша, ол аулада отыратын аңқау азаматтарды байқап, кейінірек «қызметтеріне» ақы төлеп жатқанда, ақшаны қайда сақтайтынын көреді, кейін қолды етеді. Ер адам ұрланған зергерлік бұйымдарды сатып үлгерген. Қазіргі уақытта ол қамауға алынды. Тәртіп сақшылары бұған дейін жасалған ұқсас қылмыстарға қатысын анықтауда, - делінген ШҚО ПД баспасөз қызметі берген мәліметте.
Тәртіп сақшылары қала тұрғындарынан қырағы болуды және күдікті адамдарды үйге кіргізбеуді сұрайды. Коммуналдық қызметкерлер олардан құжаттарды сұрауға келген болса бірден кәсіпорынға қоңырау шалып, оларда мұндай жұмысшының бар-жоғын тексеріңіз.
Пікірлер