Жұмба ауылында жаңа спортзалдың салтанатты ашылуы өтті. Бұл нысан ауыл тұрғындары үшін көптен күткен маңызды жоба болды. Себебі елдімекенде бірнеше жылм бойы жеке спортзал болмаған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Іс-шараға Самар ауданының әкімі Серік Жеңісов, ауыл тұрғындары, ұстаздар, оқушылар мен құрметті қонақтар қатысты.
Жұмба ауылындағы мектеп 1988 жылы салынғанымен, онда спорт залы болмаған. Осы уақытқа дейін дене шынықтыру сабақтары бейімделмеген жағдайда өтті. Бүгінде мектепте 32 оқушы білім алса, 12 бала шағын орталыққа барады.
Аудан әкімі спортзал құрылысы тұрғындардың өтініштері негізінде басталғанын, бастаманы облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қолдап, қаржы бөлінгенін атап өтті.
Құрылыс 2025 жылдың соңында басталып, қысқа мерзімде аяқталды. Мердігер — «Өтегенова» ЖК.
Спортзалдың ішкі жабдықталуы бюджетке салмақ түсірмей, демеушілік қаражат есебінен алынды. Сонымен қатар жуынуға және киінуге арналған бөлмелер, санитарлық тораптар қарастырылған.
Естеріңізге сала кетейік, бүгінде Мариногорка–Жұмба бағытындағы 38 шақырымдық жолды жөндеу жұмыстары жалғасуда. Биыл алғашқы 8 шақырымда жұмыс жүргізілуде, қалған бөлігі кезең-кезеңімен жалғастырылады.
Пікірлер