A+ A A-

talgatzhan 36 Бүгін, 10:30 0

Ұрлығы үшін жазасын өтеп жатқан 25 жастағы қыз рақымшылыққа ілігуі мүмкін – ШҚО

Бүгін / ШҚО

Облыс аумағындағы қоныс колониясында жазасын өтеп жатқан 25 жастағы Раушан Омарова (аты-жөні өзгертілген) рақымшылыққа ілігуі мүмкін. Бір кездері қымбат көлік мініп, үлде мен мүлдеге оранғысы келген ол жеңіл жолмен келген ақшадан темір тордан бір-ақ шықты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жас әйел бірнеше жыл бұрын ауқатты отбасында үй қызметшісі болып жұмыс істеді. Жұмыс берушілердің сеніміне кірген ол екі жылдай олардың шетел валютасындағы жинақтарынан аз-аздан ақша алып отырған. Бірнеше купюра жоғалса, ешкім байқамайды деп ойлады.
Уақыт өте келе ұрланған ақшаға автокөлік сатып алып, еңбекақысы бір бөлек, өмір сүру дағдысы бір бөлек түрленді. Алайда дәл осы қымбат көлік құқық қорғау органдарының назарын аударып, түбі қылмыстың беті ашылды. Сот Раушанды кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айырды.
Қазір оның өмірі мүлде басқа арнаға бұрылған. Қоныс колониясында ер адаммен танысып, отбасын құрды. Енді сәби күтіп жүр.
– Бұрын бәрін ақша шешеді деп ойлайтынмын. Қазір бостандықтың, отбасы мен адал өмір сүрудің қадірін түсіндім. Істеген ісіме өкінемін. Енді аман-есен босанып, бұл жаққа ешқашан келмесем деп армандаймын, – дейді ол.
ШҚО бойынша ҚАЖ департаментінің ресми өкілі Салтанат Ожиканованың айтуынша, рақымшылық – мемлекеттің гуманизм қағидатын көрсететін маңызды қадам.
— Әр қылмыстық істің артында адам тағдыры тұрады. Бұл әйел өз қателігі үшін жауапқа тартылды. Бірақ жазасын өтеу барысында өмірге деген көзқарасы өзгерді. Отбасын құрды, енді ана атануға дайындалып жүр. Мемлекет осындай жандарға түзеліп, қоғамнан шет қалмауға мүмкіндік береді. Рақымшылық – жауапкершіліктен босату емес, жаңа өмір бастауға берілген мүмкіндік, – деді Салтанат Ожиканова.
Иә, кезінде байлыққа шомылып өмір сүргісі келген Раушан қазір сәбиін бостандықта өмірге әкеліп, бұрынғы қателіктерін қайталамауға бекінген. Бірақ ол үшін шешім шыққанын күтеді.

Ақпарат: ШҚО ҚАЖД (Фото: azattyq-ruhy.kz)

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив