Іс-шара ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының қолдауымен «PRO Молоко’26» халықаралық форумы ұйымдастырылып, сүт өндірісі мен қайта өңдеу саласындағы мамандардың басын қосты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Форум жыл сайын әлемнің 16-дан астам елінен 1500-ге жуық қатысушыны біріктіретін Қазақстандағы ең ірі аграрлық алаңдардың бірі саналады. Биылғы жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық сарапшылар, ғалымдар, инвесторлар, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу кәсіпорындарының басшылары, сондай-ақ салалық қауымдастық мүшелері қатысты.
Форум аясында Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облысының жетекші фермерлері өз тәжірибелерімен бөлісіп, ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа технологиялар таныстырылды. Сонымен қатар «Багратион», «Эмиль», «Янтарь» және басқа да танымал сүт өнімдерін өндіруші компаниялар өнімдерін көрмеге қойды.
Шараның ашылуында сөз алған өңір әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірдегі сүт өндірісі саласының даму қарқынына тоқталды.
– Жетілдірілген смарт-фермалар элементтері, малды азықтандыру мен күтіп-бағудың автоматтандырылған жүйелері, роботтандырылған технологиялар және асыл тұқымды материалды цифрлық іріктеу жүйелері кеңінен қолданылып келеді. Біздің мақсатымыз – осы жетістіктерді кеңінен таратып, фермерлер мен қайта өңдеу кәсіпорындары арасындағы кооперацияны дамыту. Сонымен қатар инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай қалыптастыру маңызды. Бүгінде өңірде жылына 207 мың тоннадан астам шикізат өңдейтін 13 сүт өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. Қазір өндіріс көлемінің өсімі шамамен 10 пайызды құрап отыр, – деді облыс әкімі.
Форумға қатысқан кәсіпорындардың бірі – «Багратион» компаниясы. Компанияның маркетинг бөлімінің маманы Лариса Зимнова аталған форумның сала мамандары үшін маңызды алаң екенін атап өтті.
– Бүгінгі халықаралық форумға «Багратион» компаниясы да қатысып отыр. Біздің өнімдер Қазақстан бойынша біршама танымал. Сонымен қатар ірімшік пен құрт өнімдері арқылы шетелдік нарықта да танылып келеміз. Мұндай форумдар тәжірибе алмасып, жаңа серіктестер табуға мүмкіндік береді, – деді ол.
Ал Алматы технологиялық университетінің өкілі Айнұр Матебаева оқу орнының ғылыми-өндірістік өнімдері таныстырылғанын айтты.
– Біз бүгін форумда университетіміздің сүт және сүт өнімдерін өңдеу цехында шығарылатын өнімдерді ұсынып отырмыз. Олардың қатарында айран, құрт және ірімшіктің бірнеше түрі бар. Бұл өнімдер студенттердің тәжірибелік жұмыстары мен ғылыми зерттеулерінің нәтижесінде дайындалады, – деді университет өкілі.
Ұлжан СЕЙІТХАНОВА
Пікірлер