Күршім ауылындағы Юрий Гагарин атындағы №1 орта мектепте Ұлы Отан соғысының және ішкі істер органдарының ардагері Құрмат Рахимовқа арналған мемориалдық тақтаның салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Полиция департаментінің ақпаратынша, тағылымды іс-шараның дәл Құрмат Рахимұлының есімі берілген «Жас сақшы» полиция сыныбы жұмыс істейтін мектепте өтуінің өзіндік мәні бар. Өйткені оның өмір жолы оқушылар мен болашақ құқық қорғаушылар үшін ерлік пен елге адал қызмет етудің жарқын үлгісі болып қала береді.
Іс-шараға ШҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Серік Манапов, ШҚО ІІО және Ұлттық ұлан ардагерлері кеңесінің төрағасы Нұрлыбек Үдербаев, аудан әкімдігінің өкілдері, ішкі істер органдарының ардагерлері, білім саласының басшылары және полиция қызметкерлері қатысты.
Іс-шараға қатысушылар Құрмат Рахимұлының құқықтық тәртіпті нығайтуға және жас қызметкерлерді тәрбиелеуге қосқан елеулі үлесін атап өтті. Оның есімі бүгін де ұрпақтарды сабақтастырып, ардагерлер ерлігіне құрмет көрсетудің, тарихи жадыны сақтаудың және қызметтің үздік дәстүрлерін жалғастырудың маңызын айшықтай түседі.
Салтанатты рәсім соңында қатысушылар ардагерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Жаңа мемориалдық тақта ғұмырын Отан мен халыққа қызмет етуге арнаған азаматқа деген құрмет пен тағзымның белгісіне айналды.
Пікірлер