A+ A A-

talgatzhan 39 Бүгін, 14:20 0

ШҚО әкімі бірнеше елдің Елшілерімен кездесті

Бүгін / ШҚО

Өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов Беларусь Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Богдановпен кездесті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Кездесу барысында тараптар арасындағы өзара ынтымақтастықты дамыту, ауыл шаруашылығы саласындағы әріптестікті күшейту және Могилев облысы делегациясының өңірге сапарына әзірлік жайлы сөз етілді.
— Сізді Шығыс Қазақстан жерінде шын жүректен қарсы ала отырып, V халықаралық «Pro Сүт'26» ауыл шаруашылығы форумына қатысуға шақыруымызды қабыл алғаныңыз үшін алғысымды білдіремін! Беларусь Республикасы біздің маңызды стратегиялық серіктестеріміздің бірі. Екі ел арасындағы қарым-қатынас өзара құрметке, сенімге және көпжылдық достыққа негізделген. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысы мен Беларусь Республикасы арасындағы тауар айналымы 9 204 мың АҚШ долларын құрады. Біз үшін Беларусьтің ауыл шаруашылығы машиналарын жасау және заманауи техника өндіру саласындағы тәжірибесі ерекше қызығушылық тудырады. Өңіріміз сіздердің жетекші кәсіпорындарыңызбен ынтымақтастықты кеңейтуге, бірлескен жобаларды іске асыруға және озық технологиялармен алмасуға мүдделі, - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Аймақ басшысы өз сөзінде тамыз айында Могилев облысы делегациясының Шығыс Қазақстанға жоспарланған сапары өңіраралық ынтымақтастықты дамытудағы маңызды оқиғаға айналып, өңірлер арасындағы әріптестік байланыстарды кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашады деп сенетінін жеткізді.
Одан соң әкім облысқа бірінші рет келген Тәжікстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хайрулло Ибодзодамен жүздесті.
Елші жылы қабылдап, қонақжайлық танытқан ШҚО әкіміне өз алғысын білдіріп, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі күшейтудің мүмкіндіктері туралы сөз етті. 
Нұрымбет Сақтағанов Шығыс Қазақстанның жаңа бастамаларға әрдайым ашықтығын, Тәжікстанмен сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени байланыстарды дамытуға бағытталған жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендігін мәлім етті.
Сондай-ақ аймақ басшысы Грузияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Леван Диасамидземен кездесіп, сауда, экономика, инвестиция, мәдениет және туризм салаларындағы екіжақты қарым-қатынастардың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады. 
Өңірге алғаш рет келіп тұрған Елші өз сөзінде әріптестікті күшейтіп, түрлі салалардағы бірлескен жобаларды қолға алуға ниетті екендіктерін жеткізді. Нұрымбет Сақтағанов Қазақстан мен Грузия ынтымақтастығының қарқынды дамып келе жатқанын, екіжақты байланыстарды одан әрі кеңейтуге мүдделі екендігін сөз етіп, облыстың әлеуетін таныстырды.
Айта кетейік, 2025 жылы Шығыс Қазақстан облысы мен Грузия арасындағы сауда айналымы 2,2 млн АҚШ долларына жуықтаған.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив