
Жарты жылдың жаңалығы жарияланған жиында Самар ауданында 516 жұмыс орны ашылатыны айтылды
Бірақ аудан әкімінің орынбасары Мұрат Байжүменов білім саласында да бірнеше өзекті мәселе барын алға тартты. Биыл ақпан айында Шығыс Қазақстан аудандарына мұғалімдер мен дәрігерлерді әлеуметтік желі арқылы тартып жатыр деген ақпарат тараған болатын. Олардың ішінде Самар ауданы да бар, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Биылғы бюджет
Маусымның 12-і күні Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында аудан әкімінің орынбасары Мұрат Байжүменов алғашқы жартыжылдықты қорытындылады. Самар жеке аудан болып құрылғалы әр салада кадр тапшы болғаны рас. Әсіресе, әр жиынға келген сайын аудан әкімі мен орынбасарлары айтып жүретін. Биыл Павлодар өңірінен эндокринолог дәрігер келіп, жұмысқа кіріскен. Оны әкімдік өкілдері әлеуметтік желі арқылы тауып, аудан орталығына жұмыс істеуге шақырған екен. Мұрат Байжүменовтің сөзінше, мұндай әдіс жемісін беріп отыр.
– Кадр мәселесін тек бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе әлеуметтік желі арқылы емес, жүйелі түрде бағамдап отырамыз. «Шығыс шақырады» бағдарламасы арқылы да әріптестеріміз оңтүстік өңірлерден мамандар шақырып отырады. Олар мұның бағдарламасын да өз деңгейінде әзірлейді, – деді әкімнің орынбасары.
Бұл ғана емес, жауапты тұлға аудан қазынасына да тоқталды. Мәлім болғандай, 2026 жылға бекітілген бюджет көлемі 4 637 683,0 мың теңгені құрайды. Оның ішінде:
меншікті кірістер – 2 521 168,0 мың теңге болса,
жоғары тұрған бюджеттен түсетін трансферттер – 1 941 247,0 мың теңгені құрайды.
1 маусымдағы жағдай бойынша нақтыланған бюджет – 7 459 458,0 мың теңгеге жетті.
Аудан бюджетіне 2 269 912,5 мың теңге көлемінде қаражат түскен. Оның ішінде меншікті кірістер 1 703 840,5 мың теңгені құрап, жоғары тұрған бюджеттен түскен трансферттер 566 072,0 мың теңгені құрады.
Тоғыз директор табылмай тұр
Жыл басталғалы ауданда 36 нәресте дүниеге келген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда төмен: өткен жылы 43 нәресте жарық дүние есігін ашты. Ана өлімі тіркелмегенімен, бір шақалақ шетінеді (2025 жылы мұндай жағдай болмады). Жедел медициналық жәрдем қызметі 4 арнайы автокөлік сатып алынып, фельдшерлер қатары толықтырылыпты. Айта кетерлік жайт, барлық қызметкер халықаралық триаж жүйесі бойынша оқудан өткен. Мұрат Байжүменов кей бағыт бойынша мәселе барын жасырмады. Айталық, маусымның 4-і күні облыстық Білім басқармасының ресми сайтында мектеп басшылары қажет деп, конкурс ұйымдастырылғаны туралы құжат шыққан болатын. Самар ауданы да тізімге іліккен. Аудан әкімінің орынбасары да мұны растады. Ресми дерекке сенсек, мұндағы өзекті мәселелердің бірі – мектеп директорларының орны бос. Қазір тоғыз вакансия бар.
Сонымен қатар педагог кадрлар тапшылығы да сақталып отыр. Атап айтқанда, бастапқы әскери және технологиялық дайындық пәні бойынша – 1 ставка, орыс тілі – 2,5 ставка, математика – 5 ставка, тарих – 3 ставка, сондай-ақ мектепалды даярлық сыныптарының тәрбиешілері бойынша – 5 ставка бос тұр, – деді әкімнің орынбасары.
Айта кетерлігі, биыл аймақтық жұмыспен қамту картасы аясында 516 жұмыс орнын құру жоспарланған. Оның ішінде 282-сі тұрақты, 234-і уақытша жұмыс орындары. Анықталғандай, бүгінде 203 жұмыс орны құрылып, бұл жылдық жоспардың 39%-ын құрап отыр. Субсидияланатын жұмыс орындары бойынша 170 жұмыс орнын ашу көзделген. Қазір 126 уақытша жұмыс орны құрылып, бұл жоспардың 74,1%-ына тең. «Еңбек нарығы» ААЖ базасында 125 еңбек шарты тіркелген.
Қазір ауданда 71 демалыс базасы жұмыс істейді, онда 580-ден астам үй мен шамамен 2 800 төсек-орын бар. Жазғы туристік маусымға дайындық аясында Самар жағалауы мен Бұқтырма су қоймасы аумағындағы туристік инфрақұрылымды дамыту және тартымдылығын арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
– Биыл облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Бұқтырма су қоймасының жағалауында заманауи серуендеу аймағын салуға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Сонымен қатар, жағалауды абаттандыру және дамыту бойынша бас жоспар дайындалуда. Жобаланған бас жоспарға сәйкес, демалыс базалары мен коммерциялық нысандар салу үшін әлеуетті инвесторларға 300 жер учаскесін бөлу көзделген, – деді жауапты тұлға.
«Қыл көпірді» қашан жөндейді?
Бір мәселе бар. Туристердің ағылып, демалыс базаларының лық толуынан төңірек тазалығы, инфрақұрылым тұрғысынан даму, одан бөлек, жағалау бойында жайлаған кәсіпкерлердің салық төлеуі секілді тақырыптар тыс қалмауы тиіс. Мұрат Байжүменовтің ақпаратынша, былтыр демалыс үйлерінің қожайындарынан аудан бюджетіне 55 млн теңгедей салық түсті. Салық органдары базасында бұл туралы нақтырақ жазылған екен. Сол жерде қай кәсіпкердің қай бағыт бойынша төлем жасағаны көрінеді. Биыл Сарыбел, Новостройка ауылдары маңындағы инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын ескерсек, демалушылар санының артып, тынығатын үйлер санының көбейері сөзсіз. Бұл түбі тұрғындар саныны артуына да әкелі ықтимал. Аудан әкімінің орынбасары қазір ауданда 11062 адам тұратынын мәлімдеді. Одан демографиялық өсім қалай өзгеріп жатқанын сұрадық.
– Бізде ішкі миграция үздіксіз жүреді. Яғни, ауыл тұрғындары аудан орталығына қарай ойысып жатыр. Миграция сальдосын нақтылау қажет. Аудан жұртын қатты көбейе қоймаса да, олардың басқа жаққа көшіп кетпеулері үшін тиісті шаралар қабылдап жатырмыз, – деді Мұрат Байжүменов.
Сөз соңында ол Самардан 12 шақырым жерде орын тепкен Көкжыра ауылындағы ескі көпірге тоқталды. Қазір соны аудан балансына алу бойынша жұмыс жүріп жатыр. Ертіске қарай шығаратын жол түбі Сарыбел жағалауы секілді туризм тетігіне айналуы әбден мүмкін. Осы ретте әкімдік өкілі балансқа алынса, «қыл көпірге» айналған бөлікті жөндеп, бір жағынан, халық көтерген мәселені шешіп беруге ниетті екендігін жасырмады.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Фотосурет автордікі
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер