
Күршімдік кондитер Айгүл Әділбекова тәтті әзірлеуден бөлек, заманауи кофехана ашқан
Күршім ауданының тумасы Айгүл Ерланқызы он жылдан бері кондитерлік өнімдер дайындаумен айналысады. Алғашында жақындары мен таныстарының тапсырысын орындаудан бастаған ол уақыт өте келе кәсібін дамытудың жаңа жолдарын іздеген. Тынбай еңбектеніп, шеберлігін шыңдаған кәсіпкер қазір аудан орталығынан заманауи кофехана ашып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуде. Нәтижесінде кофехананың тұрақты тұтынушыларының қатары күн санап артып отыр. Тіпті көршілес аудандардан арнайы келіп, тапсырыс беретін қонақтар аз емес. Айгүл Әділбекованың айтуынша, сапалы өнім ұсыну мен тұтынушы сенімін ақтау – басты ұстанымы, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
– Алдымен өзіңіз жайлы айтып берсеңіз...
– Күршім ауданында туып-өстім. Мұндағы гимназия мектебінде 11 жыл білім алып, кейін С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Музыка пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша жоғары білім алдым. Бүгінде жолдасыммен төрт баланы тәрбиелеп отырмыз.
– Не себепті дәл осы кәсіп түрін таңдадыңыз?
– Барлығы бала кезден басталды. Кішкентайымнан еңбекке жақын болып өстім. Марқұм анам тапсырыспен түрлі торт пісіріп, кондитерлікпен айналысатын. Күршімде осы іспен шұғылданғандардың алғашқысы болды. Жеке кәсіп ашсам деп армандайтын. Анамның қасында жүріп көп нәрсе үйрендім. Жергілікті жұрт оның тәттілерін сүйсініп жейтін еді. Әлі күнге дейін айтып жүреді. Кейін декреттік демалыста осы қызығушылығымды дамытып, өз өнімдерімді ұсына бастадым. Бүгінде кондитерлік менің сүйікті ісімнің біріне айналды. Сонымен қатар бет әрлеп, шаш үлгілерін сәндеумен айналысамын. Бұл – өзіме ерекше ұнайтын шығармашылық бағыт. Адамдардың сұлулығын ашып, маңызды күндерінде олардың көңіл-күйін көтеруге үлес қосқанды жақсы көремін. Сондықтан бұл істі тастағым келмейді, керісінше, әрі қарай дамытып, кәсіби шеберлігімді арттыруды мақсат етемін. Айналамдағыларға қуаныш сыйлау, олардың мерекелік дастарханын ерекше ету маған мол шабыт береді.
– Негізінен қандай өнім түрлерін ұсынасыздар? Олардың ерекшелігі неде?
– Тапсырыспен түрлі торт, тәттілер және мерекелік дастарханға арналған өнімдер дайындаймын. Әр өнім сапасына, дәміне және безендірілуіне ерекше көңіл бөлінеді.
– Өнімдеріңізге сұраныс көп пе? Тұтынушылар сіз әзірлеген тәттілер туралы не айтады?
– Сұраныс жақсы. Тапсырыс берушілер өнімдердің дәмі мен сапасын жоғары бағалайды. Көпшілігі торттардың әдемі безендірілуі мен табиғи өнімдерден дайындалатынын айтып жатады.
– Күніне қанша торт пісіресіз?
– Тапсырыс көлеміне байланысты әртүрлі болады. Мереке күндері тапсырыс саны айтарлықтай артады. Қазір өзімнің үш көмекшім бар.
– Тауарларыңызды көрші елдімекендерге жеткіз ойда бар ма?
– Иә, әрине. Бірақ алдымен кәсібімді бір жүйеге қойып алғым келеді. Кейін оны кеңейтуді қарастырамыз.
– Жеке кәсіпкер ретінде сіз үшін алдымен не маңызды?
– Мен үшін ең бастысы – сапа, адалдық және тұтыншылар сенімі. Әр түскен тапсырысты асқан жауапкершілікпен орындауға тырысамын.
– Алға қойған жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз...
– Болашақта жаңа өнім түрлерін енгізіп, қызмет аясын кеңейтуді көздеп отырмын. Сонымен қатар кәсіби білімімді жетілдіріп, заманауи бағыттарды меңгеруді мақсат етемін.
– Жеке ісін бастағысы келетін жандарға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?
– Ең әуелі қорықпау керек. Өз ісіңізді жақсы көру маңызды. Алғашында қиындықтар болуы мүмкін, бірақ еш мойымау қажет. Еңбекқорлық, табандылық пен үздіксіз даму кез келген кәсіптің табысты болуына ықпал етеді. Адал еңбек етіп, үнемі даму мен ізденіс жолында болуды қалаймын. Қоғамға пайдамды тигізіп, туған жерімнің өркендеуіне өз үлесімді қосу – басты мақсаттарымның бірі.
– Сұхбатыңызға көп рахмет!
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Фотосурет: Еркежан ОРАЛҒАЗИНА
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер