«Алкогольсіз ауыл» республикалық жедел алдын алу шарасы аясында полиция қызметкерлері Өскемендегі сауда орындарының бірінде алкоголь өнімдерін заңсыз сату фактісін анықтады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жүргізілген тексеру барысында жеке кәсіпкердің заңнамада көзделген тиісті лицензиясыз алкоголь өнімдерін саудалағаны белгілі болды.
Аталған дерек бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 463-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік іс қозғалды.
- Процессуалдық іс-шаралар барысында заңсыз айналымнан жалпы саны 436 дана алкоголь өнімі тәркіленді. Оның ішінде 254 бөтелке спиртті ішімдік және 182 дана сыра өнімі бар. Тәркіленген өнімдердің барлығы заттай дәлелдеме ретінде танылып, процессуалдық шешім қабылданғанға дейін жауапты сақтауға қойылды. Қазір алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымына қатысты құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу жұмыстары жалғасуда, - делінген ШҚО Полиция департаментінің ақпаратында.
ШҚО Полиция департаменті алкоголь өнімдерін өткізу қызметі тек тиісті рұқсат құжаттары болған жағдайда ғана жүзеге асырылатынын ескертеді.
Пікірлер