ШҚО Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ШҚО бойынша департаменті Марқакөл ауданында ауқымды арнайы операция жүргізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Нәтижесінде Қызыл кітапқа енген балық түрлерін заңсыз аулауды кәсіпке айналдырған, жасы 23-50 аралығындағы алты адамнан құралған қылмыстық топтың заңсыз әрекетіне тосқауыл қойылды.
- Марқакөл және Ұрынқай ауылдарында жүргізілген тінту барысында бағалы балық түрлерінің 700 келіден астамы, 200 литрден астам ускуч уылдырығы тәркіленді. Бұдан бөлек, күдіктілерден пайдалануға тыйым салынған ау құралдары, балық аулау жабдықтары, қысқы балық аулауға арналған құрылғылар, радиостанциялар және оқ-дәрілер алынды. Аталған фактілер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Сот санкциясымен күдіктілерге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды, - делінген ШҚО Полиция департаментінің ақпаратында.
Қазір құқыққа қарсы әрекеттің барлық мән-жайын анықтауға, ықтимал сыбайластарын және заңсыз жолмен алынған өнімді өткізу арналарының жолдарын белгілеуге бағытталған кешенді тергеу шаралары жүргізілуде.
Пікірлер