Өңірде бірнеше тұрғын үйге заңсыз кіріп, алтын бұйымдар мен бағалы заттарды ұрлаған жасөспірімге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Мамандар сауаттылықтың төмен болуынан осындай жағдай тіркеліп жататынын айтуда. Олардың сөзінше, жеңіл жолмен пайда табуға деген ұмтылыс пен ойланбай жасалған әрекет тағдырға көлеңке түсіріп жатады.
Жуықта Шығыс Қазақстан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру дерегі бойынша айыпталған жасөспірімге қатысты қылмыстық істі қарады.
Сот материалдарына сәйкес, жасөспірім бірнеше тұрғын үйге заңсыз кіріп, алтын бұйымдар мен басқа да бағалы заттарды қолды еткен. Кейіннен ұрланған мүліктің бір бөлігі сатылып, жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығын көлемі анықталды.
Іс қарау барысында сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкініш білдірді. Сонымен қатар келтірілген шығынның басым бөлігі өтелгені, оның бұрын сотталмағаны және кәмелетке толмағаны ескерілді.
Сот оның әрекетін ҚР Қылмыстық кодексінің тиісті бабы бойынша саралап, кінәлі деп таныды. Үкіммен белгілі бір мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленді. Сондай-ақ заңда көзделген міндеттер жүктелді. Бұдан бөлек, процессуалдық шығындар мен жәбірленушілерге келтірілген залалды өтеу мәселесі де қаралды.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің Сол жағалау аудандық пробация қызметі бөлімі басшысының орынбасары Гүлжан Мұхтарбекқызының айтуынша, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу – қоғамның, отбасы мен білім беру ұйымдарының ортақ міндеті.
– Жасөспірімдердің қылмыстық әрекетке баруына көбіне бақылаудың әлсіреуі, құқықтық сауаттылықтың төмендігі және бос уақыттың тиімсіз ұйымдастырылуы әсер етеді. Сондықтан ата-аналар мен заңды өкілдер балалардың тәрбиесіне, олардың қоршаған ортасына және мінез-құлқына ерекше назар аударуы қажет. Әр жасөспірім өз іс-әрекетінің құқықтық салдарын түсініп, заң талаптарын сақтауға жауапкершілікпен қарауы тиіс. Жасөспірімдер қылмысының алдын алу – қауіпсіз қоғам қалыптастырудың маңызды бағыттарының бірі, – деді Гүлжан Мұхтарбекқызы.
Фото: Egemen.kz
Пікірлер