Бүгін Қазақстан Полициясы күніне орай ШҚО Полиция департаментінде салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Оған аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
- Қоғам тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында полиция қызметі әрқашан ең жауапты да абыройлы қызмет болып қала береді. Ол – жоғары кәсібилікті, батылдық пен қайсарлықты ғана емес, заңға, әділдік пен өз халқына деген шексіз адалдықты талап етеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айқындап берген «Заң мен тәртіп» қағидатын берік орнатуда да әрқайсыларыңыздың орындарыңыз ерекше. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, таусылмас қуат пен қажымас қайрат тілеймін! Отанға қызмет ету жолындағы абырой-жетістіктеріңіз арта берсін! Мереке құтты болсын!, - деді облыс әкімі.
Ол қызмет барысында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп жүрген тәртіп сақшыларын марапаттады. Құқық қорғау органының 10 қызметкеріне баспана кілті табысталды.
ШҚО әкімі баспасөз қызметінің ️ақпаратынша, кеше аймақ басшысы ШҚО Полиция департаментіне барып, Жедел басқару орталығының жұмысымен, өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заманауи цифрлық технологиялармен танысты.
Соңғы жылдары аймақта қоғамдық қауіпсіздік жүйесін цифрландыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Бүгінде 58 мыңнан астам бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 22 мыңнан астамы ішкі істер органдарының жүйесіне біріктірілген. Жыл басынан бері бейнебақылау камераларының көмегімен 80 қылмыс ашылып, 9,6 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.
Департамент қызметкерлері жасанды интеллект технологияларын да кәдеге жаратып жүр. Қазіргі уақытта облыс орталығында мыңнан астам аналитикалық модуль жұмыс істейді. Олар адамның бет-әлпетін автоматты түрде тануға, көлік құралдарын сәйкестендіруге, жол қозғалысы жағдайын талдауға, адамдардың шоғырлануын бақылауға және ықтимал қауіп-қатерлерді анықтауға мүмкіндік береді.
Жедел басқару орталығында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін қолданылатын заманауи цифрлық құралдар таныстырылды. Атап айтқанда, «Кибер-Шериф» мобильді кешендері, жол қозғалысы ережелерін бұзуды автоматты түрде тіркейтін жүйелер, іздеуде жүрген көліктерді нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін цифрлық шешімдер көрсетілді. Сондай-ақ облыс әкіміне қауіпті жағдайларда жұмыс істеуге арналған робот-сапер, жаңа буындағы роботтандырылған мобильді платформа, ұшқышсыз ұшатын аппараттар көрсетілді.
Пікірлер