
Өскеменде былтыр ұрлық жасаған жігітке сот үкім шығарды
Биыл 29 қаңтарда Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру дерегі бойынша қылмыстық іс қаралып, шешімі енді шыққан, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің Сол жағалау аудандық пробация қызметі бөлімі басшылығы өкілдері қазіргі қоғамда заң үстемдігін қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын қорғау – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін жеткізді.
– Осы мақсатта құқық қорғау органдары мен сот жүйесі қоғамдық тәртіпті сақтау, меншік құқығын қорғау және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жүйелі жұмыс атқарады. Дегенмен, меншікке қарсы қылмыстардың ішінде ұрлық жасау фактілері әлі де жиі кездеседі, – деді олар.
2026 жылғы 29 қаңтарда Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру дерегі бойынша қылмыстық іс қаралды. Сот азамат Кенжебек Мукаевты (аты-жөні өзгертілген) аталған қылмыс бойынша кінәлі деп таныды.
– Сот материалдарына сәйкес, 2025 жылдың қараша айында сотталушы танысының үйінде болған кезде жатын бөлмеде тұрған алтын алқаны байқап қалған. Құны 153 600 теңгені құрайтын зергерлік бұйымды ол жасырын түрде алып, оқиға орнынан кетіп қалған, – делінген сот материалында.
Кейін сотталушы алтын алқаны ломбардқа өткізіп, түскен қаражатты өз қажеттілігіне жұмсаған. Нәтижесінде жәбірленушіге материалдық залал келтірілген. Бұйымның жоғалғаны анықталған соң, жәбірленуші құқық қорғау органдарына арызданған.
Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін жеткізген. Ол соттан жеңіл жаза тағайындауды сұрап, істің қысқартылған тәртіпте қаралуына келісім берген.
Жәбірленуші де сотта түсініктеме беріп, келтірілген залалды растаған. Тергеу барысында барлық дәлел жиналып, іс материалдары сотта жан-жақты зерттелді. Сот ұсынылған дәлелдемелерді бағалай келе, айыпталушының кінәсі толық дәлелденді деген қорытындыға келді.
Сот Мукаевтің әрекетін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы 1-бөлігі бойынша, яғни бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру (ұрлық) ретінде саралады.
Жаза тағайындау кезінде сот айыпталушының жеке басын, бұрын сотталмағанын, кінәсін мойындауын және өкініш білдіруін ескерді.
Сот үкімімен азамат Мукаев бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Сонымен қатар оған пробациялық бақылау белгіленіп, жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тарту міндеті жүктелді. Сондай-ақ Мукаевқа
тұрғылықты мекенжайын рұқсатсыз өзгертпеу туралы ескертіліп, оны пробация қызметінің бақылауына алды.
– Сот шешімімен жәбірленушіге келтірілген материалдық шығынды өтеу мәселесі қаралды. Сондай-ақ заңнамаға сәйкес сотталған тұлғадан жәбірленушілерге өтемақы қорына міндетті төлем өндірілді, – делінген сот материалында.
Бұл жағдай құқық бұзушылық тек қылмыстық жауапкершілікке ғана емес, материалдық міндеттемелерге де әкелетінін көрсетеді.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің Сол жағалау аудандық пробация қызметі бөлімі басшысының орынбасары Гүлжан Мұхтарбекқызының айтуынша, бөтеннің мүлкін иемдену сияқты құқық бұзушылықтардың алдын алуда құқықтық сауаттылықты арттыру маңызды рөл атқарады.
– Мұндай қылмыстар көбіне жауапкершілікті толық сезінбеу, жеңіл жолмен пайда табуға ұмтылу және бақылаудың әлсіреуі салдарынан орын алады. Сондықтан ата-аналар мен білім беру ұйымдары жас буынға құқықтық тәрбие беруге ерекше көңіл бөлуі қажет. Әрбір азамат өз әрекетінің салдарын түсінген жағдайда ғана құқық бұзушылықтардың алдын алуға болады. Құқықтық мәдениетті қалыптастыру – қауіпсіз қоғамның негізі, – деді Гүлжан Мұхтарбекқызы.
Фото: Inbusiness.kz
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер