Өңірде полицейлер есірткінің заңсыз айналымына тосқауыл қойды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Жедел-іздестіру шаралары барысында есірткі қылмысына қатысы бар деген күдікке ілінген азамат ұсталып, заңсыз айналымнан ірі көлемдегі марихуана тәркіленді. Нәтижесінде өңір аумағында есірткі заттарының таралу арнасы тоқтатылды.
«Қарасора — 2026» жедел алдын алу шарасы аясында полиция қызметкерлеріне есірткі заттарын заңсыз өткізу фактісі туралы ақпарат келіп түскен. Жедел уәкілдердің бақылауымен күдікті сатушымен хат алмасу жүргізіліп, есірткі сатып алу жөнінде келісім жасалды.
Тыйым салынған затты беру кезінде күдікті қылмыс үстінде ұсталды. Ол Өскемен қаласының 49 жастағы тұрғыны болып шықты.
Тұрғылықты жерін тінту және тексеру барысында полицейлер бірнеше ірі көлемдегі есірткі заттарын тапқан. Олар полимер пакеттерге салынып, әрі қарай таратуға дайындалғаны анықталды. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат марихуана болып шықты. Оның жалпы салмағы 2,8 келіден асты.
Сонымен қатар полицейлермен бір миллион теңгеден астам қолма-қол ақша тәркіленді. Қазір аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Пікірлер