Өңірде тау курорттарына апаратын жолдарды жөндеу жалғасуда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жұмыстар 100 шақырымнан астам жолды қамтыды. Биыл алғаш рет Катонқарағай ауданындағы «Рахман қайнарлары» шипажайына апаратын жолдың таулы және иірім бөліктеріне асфальт төселіп жатыр. Құрылысшылар тік беткейлерде жұмыс істеп, жол жиектерін нығайтып, жаяу жүргіншілер жолдарын кеңейтуде.
Мамандар сөзінше, Берел өзені арқылы өтетін көпір ең күрделі инженерлік жобалардың бірі. Онда ескі аспалы ағаш көпірлер ауыстырылмақ. Осы арқылы туристер биік таулы Жазаба көліне емін-еркін, әрі қауіпсіз түрде жете алады.
- Өткен жылы жолдың ені төрт метрден сегіз метрге дейін кеңейтілді Сонымен қатар, 23 су өткізгіш құбыр орнатылды. Жұмыс биыл да жалғасып жатыр. Бес шақырымдық учаске құм мен қиыршық тас қоспасын пайдаланып тегістелді, - деді «ҚазАвтоЖол» филиалы директорының орынбасары Әділет Жампейісов.
Пікірлер