Облыс орталығында полицейлер спирт қосылған өнімді заңсыз сату фактісінің жолын кесті. Заңсыз айналымнан құжаттары жоқ, шығу тегі күмәнді 43 бес литрлік ыдыстағы өнім тәркіленді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Полиция департаментінің ақпаратынша, 7 шілдеде «102» жедел арнасына қала көшелерінің бірінде қолдан жасалған спирт қосылған сұйықтықты сату туралы хабарлама түсті.
- Тексеру барысында полиция қызметкерлері 215 литр сұйықтықты анықтап, тәркіледі. Облыс орталығының тұрғыны тиісті тіркеусіз және рұқсатсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Құқық бұзушыға 15 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Тәркіленген заттың құрамын дәл анықтау және тұтынушылар үшін қауіпсіздік дәрежесін белгілеу мақсатында сот-сараптамалық зерттеу тағайындалды. Сараптама нәтижелері алынғаннан кейін жинақталған материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданады, - делінген ресми мәліметте.
Жалпы жыл басынан бері Өскеменде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 463-бабы бойынша спирт қосылған өнімдерді сатуға қатысты заңсыз кәсіпкерлік қызметтің 57 фактісі анықталды. Заңсыз айналымнан бір жарым тоннаға жуық алкоголь және спирт қосылған өнім тәркіленді.
ШҚО Полиция департаменті белгіленбеген орындардан алкоголь сатып алу денсаулыққа және өмірге елеулі қауіп төндіретіндігі туралы ескертеді. Азаматтарға қырағы болып, заңсыз сауда деректері туралы «102» нөмірі бойынша дереу хабарлаған жөн.
Пікірлер