8 шілдеде ШҚО Мәдениет басқармасы Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» облыстық байқауы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Байқаудың негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі қызметін нығайту, мемлекеттік тілді жетік меңгерген этнос өкілдерін анықтау және қоғамдық белсенді азаматтарды ынталандыру.
Іс-шараға облыстың қалалық және аудандық кезеңдердің іріктеуінен өткен, мемлекеттік тілді еркін меңгерген этнос өкілдері қатысты. Олар қазақ тілін меңгеру деңгейін, шығармашылық қабілеттерін, ұлттық мәдениетке деген құрметін және көпшілік алдында сөйлеу шеберлігін көрсетті.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені «Шығыстүстімет» ЖШС-ға қарасты «Артемьев» өндірістік кешені ақпараттық технологиялар бөлімінің операторы Юлия Масленкова иеленді. 1 орынға Ұлан ауданындағы Төлеген Тоқтаров атындағы мектеп-балабақша кешенінің тәрбиешісі Альфия Искакова лайық деп танылды. Ал 2 орынды Катонқарағай ауданының жеке кәсіпкері Ксения Калымбекова қанжығасына байласа, 3 орынға Шығыс Қазақстан облыстық музей-қорығының қызметкері Оксана Ошкалова ие болды.
Байқау жеңімпаздары арнайы дипломдармен және жүлде қоры есебінен қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Аталған байқау мемлекеттік тілдің қоғамдағы мәртебесін арттыруға, этнос өкілдерінің қазақ тілін меңгеруге деген қызығушылығын күшейтуге және тіл арқылы қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуға бағытталды.
Пікірлер