Өңірде қос азаматтығы бар тұлғаларды анықтау жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жыл басынан бері ШҚО Полиция департаментінің көші-қон қызметі 450-ден астам адамның Қазақстан Республикасы азаматтығын жоғалтқанын тіркеді. Олардың басым бөлігі көрші мемлекеттің азаматтығын алған.
— Заңнама талаптарын бұзғаны үшін 31 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 24 азамат шетелдік азаматтықты алғаны туралы уақтылы хабарламаса, 7 адам азаматтығын жоғалтқаннан кейін Қазақстан Республикасының құжаттарын заңсыз пайдаланған. Сот шешімімен 6 шетелдік ел аумағынан шығарылды, - делінген ШҚО Полиция департаментінің мәліметінде. Белгілі болғандай, облыс орталығының 43 жастағы тұрғыны 2024 жылдың қазан айында өзге мемлекеттің азаматтығын алғанымен, заңда белгіленген мерзімде ішкі істер органдарына хабарламаған. Нәтижесінде, оның Қазақстан Республикасы азаматтығын жоғалтуы тіркеліп, ел құжаттары тәркіленді.
ШҚО Полиция департаменті өзге мемлекеттің азаматтығын алған жағдайда 30 күн ішінде ішкі істер органдарына хабарлап, Қазақстан Республикасының азаматтығын куәландыратын құжаттарды тапсыру қажет екенін ескертеді. Бұл талапты бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Пікірлер