A+ A A-

talgatzhan 30 Бүгін, 15:00 0

ШҚО-да қарапайым зауыт жұмысшылары Көшпенділер ойындарында ел намысын қорғайды

Бүгін / ШҚО / Спорт

Риддер қаласында әр салада еңбектеніп жатқан жігіттер соңғы жылдары арқан тарту спортынан біршама қарқын алып үлгерді. Облыс, республика аумағынан асып, халықаралық жарыстарда топ жарып жүр. Аз уақыт ішінде мықты команда жасақтап, алдағы қыркүйекте Қырғызстанда өтетін Дүнмежүзілік көшпенділер ойындарына жолдама алған спортшыларды әңгіме тартып көрген едік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Команда қалай жасақталды?

Осыған дейін аз-кем ақпарат айтылып жүргенімен, кеншілер қаласы аталып кеткен Риддерде арқан тарту спорты қашан қолға алынып, команданың қалай жасақталғаны туралы мәліметтер шықпады. Былтырдан бері мұнда «Ата Мұра» ұлттық ойындары қолға алынып, ел назары осы арқан тартысқа ерекше ауған болатын. Мұнда салмаққа шектеу бар. Көп жағдайда сегіз адам іркес-тіркес тұрып, бірқалыпты қимылдайды. Команда капитаны Жарқын Жетпісбаевтың сөзінше, жігіттердің жиналып, арқан тарта бастағандарына көп болмаған. Шамамен екі жарым жылдың жүзі. Астана қаласында өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарынан кейін облыс аумағында қарқынды дами бастаған көрінеді.
– Содан бері Риддерде де тұрақты жаттығулар ұйымдастырылып, команда жасақталып, облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып келеміз. Алғашында команда жинақтау оңай болған жоқ. Біраз қиындық кездесті. Жаттығу тұрақты өткізіле бастаған соң жігіттер бір-бірінен естіп, өз еріктерімен келе бастады. Қазір ортақ мақсатқа жұмылған, бір-біріне сенетін ұйымшыл құрама қалыптасты. Команда сапында әртүрлі жігіт бар. Бірі бұрын басқа спорт түрлерімен айналысса, енді бірі спортқа арқан тарту арқылы алғаш рет келді. Дегенмен барлығын еңбекқорлық пен тұрақты жаттығу біріктірді. Күнделікті еңбектің арқасында жақсы нәтижелерге жетіп келеміз, – деді Жарқын Қадырұлы.
Командадағы жігіттердің басым бөлігі Риддердегі мырыш зауытында еңбек етеді. Олардың ішінде, анодшы, балқытушы сияқты мамандық иелері бар. Сонымен қатар мұғалім, электрик, полиция қызметкерлері, өрт сөндірушілер, автокөлік жөндеу шеберлері, сатушы және зейнеткер спортшылар да бар көрінеді. Жеке өмір мен жұмыс, одан бөлек, үздіксіз жаттығуға уақыт тауып жүрген азаматтардың сөзінше, арқан тарту – ең алдымен командалық рухты қалыптастыратын спорт.
– Бұл жерде сегіз адамның күші бір арнаға тоғысуы керек. Сонымен қатар бұл – сырт көзге өте тартымды әрі тартысты спорт түрі. Мұны жарыс кезінде көрермендердің ерекше қызығушылығынан-ақ байқауға болады. Сайыс барысында намысты қолдан бергің келмейді. Сол жігер мен жеңіске деген құлшыныс бізді алға жетелейді, – деді зауытта еңбектеніп жүрген жігіттер.
Облыс, республика намысын қорғап жүрген спортшылар аптасына үш рет әзірлік жүргізеді. Ал жарыс таяған кезде дайындық күнде жалғасады. Жаттығулар Риддер қаласындағы «Модуль» спорт кешенінде өтеді. Спортшылар сөзінше, жаттығу барысын үнемі жетілдіріп отырады. Жуықта ғана спорт залда биіктігі 5 метр болатын арнайы блок орнатқан. Соның көмегімен жоспарға жаңа жаттығулар енгізіліп, спортшылардың күшін, төзімділігі мен техникасын арттыруға мән беріліп жатыр. Команданың бас бапкері – Әділжан Дюсупов. Қол күресінен Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, әрі аталған спорт түрінен де білгенімен бөлісіп келеді.
Екі жарым жыл ішінде риддерліктер облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарға тұрақты қатысып келеді дедік. Соның ішінде ең ірі додалардың бірі – биыл Түркияның Мерсин қаласында өткен халықаралық Turan Cup турнирі. Бұл жарысқа 14 мемлекет қатысып, кенді қала жігіттер жүлделі 3-орын иеленді.
– Сонымен қатар Астанада өткен республикалық жарыста 3-орын алдық. Ал өткен жылы Қырғызстанның Ыстықкөлінде өткен халықаралық жарыста командаласымыз Мейір Рахметқалиев 1×1 санатында алтын медаль жеңіп алып, ел абыройын асқақтатты. Бұл жерде айта кетерлігі, жарыс ережесіне байланысты әртүрлі салмақ дәрежелері болады. Ерлер арасында негізінен 640 және 720 келі салмақ санаттары кездеседі. Команда құрамында міндетті түрде 8 спортшы болады. Кей бәсекелерде қосалқы спортшы қарастырылады немесе аралас (микс) түрде өз мүмкіндіктерін байқайды, – деді Жарқын Жетпісбаев.

 

Жолдаманы қалай жеңіп алды?

Команда мүшесі Руфат Қадылбекұлының сөзінше, кейде әр командаға жекелей тактика қояды. Мәселен, былтыр және биыл өткен «Ата Мұра» ұлттық ойындарында «Ұлытау» командасы қатты қарсылық көрсеткен. Сол кезде әдісті сәл өзгертуге тура келді. Былтыр «Ұлытау» жігіттері топ жарса, биыл риддерліктер есе қайтарды. Ыстықкөлге барып келген спортшылар қырғыз жігіттерінің де қарқынына жоғары баға берді. Анығы сол, қазір арқан тарту спорты Қырғызстанда жылдам дамып келеді.
–  Оның басты себептерінің бірі – биылғы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының сол елде өтуінен болар. Сондықтан олар жоғары деңгейде дайындалып жатыр. Ал біз Көшпенділер ойындарының жолдамасын 1×1 санатындағы іріктеу жарысында жеңіп алдық. Сонымен қатар біздің тағы екі жігіт Қазақстан құрамасы сапына енді. Жалпы, биыл жолдамалардың басым бөлігін Шығыс Қазақстанның спортшылары жеңіп алды, – деді команда капитаны.

Олардан арқан тартыс кезінде нешінші тұрған спортшыларға негізгі жүктеме түсетінін сұрадық. Айтуларынша, команда болған соң жауапкершілік те, жүктеме де барлық спортшыға бірдей түседі. Кім қай орында тұрса да, өз міндетін толық атқаруы керек. Ал ең соңында тұратын жігіт – команда тірегі. Оны «зәкір» деп те атайды. Аты айтып тұрғандай, кеме зәкірі секілді бүкіл команданы ұстап тұратын, өте мықты, тәжірибелі әрі салқынқанды жігіт болуы қажет. Жарқын Жетпісбаевтың сөзінше, командаларды «анау мықты, мынау осал» деп бөліп-жаруға келмейді.
– Бәсекелестік жылдан-жылға күшейіп келеді. Негізгі қарсыластарымыздың қатарында Ұлытау облысы мен Батыс Қазақстан облысына қарасты Орал қаласының «Көктерек» командасын ерекше атап өтуге болады. Ал Шығыс Қазақстан құрамасы бүгінде республика чемпиондары ретінде өз көшбасшылығын дәлелдеп келеді. Біздің биікті бағындыруымызға себеп болған бапкеріміз Әділжан Дюсуповқа алғысымыз шексіз. Ол Күршім ауданындағы Қойтас ауылының тумасы, бүгінде «Риддер қаласының Құрметті азаматы». Әділжан ағамыздың еңбегінің арқасында Риддерде арқан тарту командасы құрылып, бүгінде республикалық және халықаралық деңгейде табысты өнер көрсетіп жүр. Өте сабырлы, талапшыл әрі тәжірибелі бапкер ретінде әр жарыстан кейін біздің нәтижемізді мұқият саралап шығады. Кемшіліктерімізді түзетіп, келесі жарысқа тыңғылықты дайындық жүргізеді, – деді ол.
Түйіні сол, Риддер командасындағы екі жігіт 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қырғызстанда өтетін VI Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетеді. Олар – Еламан Солтанғазин мен Жарқын Жетпісбаев. Ал Мейір Рахметқалиев абсолют салмақта  1×1 санатында ел намысын қорғайды. Қазір олар дайындықты күшейткен. Ал Қырғызстандағы бәсеке құмда өтеді.

 

Әділхан ЕСІМХАНОВ
Фотосуреттер спортшының жеке мұрағатынан

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив