Мамандар дертті ерте кезеңде анықтауға баса мән беріп, науқастармен байланыста болған адамдарды тексеруге басымдық беруді көздеп отыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аталған мәселе медициналық ұйымдардың басшылары мен сала мамандары қатысқан кеңесте талқыланды.
Биылғы жартыжылдықта аймақта туберкулезге шалдығу көрсеткіші өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 12,1%-ға төмендеді. Аурудың асқынған түрлері 26%-ға азайып, қайталанған жағдайлар 21,4%-дан 20,4%-ға дейін қысқарды. Ал дерттің кеш анықталған жағдайлары алтыдан екіге дейін кеміді.
Мамандар сөзінше, бұл көрсеткіштер профилактикалық жұмыстардың нәтижелі жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Өңірде балалардың 97,9%-ына туберкулезге қарсы екпе салынған. Сондай-ақ туберкулезбен ауырғандармен байланыста болған 17 жасқа дейінгі балалардың 90,1%-ы профилактикалық ем қабылдады.
Одан бөлек, мамандар жасөспірімдер арасында тіркелген туберкулез себептерін зерттеп, өлім-жітім көрсеткішінің артуына тоқталды. Сонымен қатар инфекция көздерін дер кезінде анықтау, науқастармен байланыста болған адамдарды толық тексеру және алдын алу шараларын жиілету қажеттігі айтылды.
Пікірлер