ШҚО бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты мекемелердің бірінде сотталғандарға тыйым салынған заттарды жеткізу әрекетінің жолы кесілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Азық-түлік сөмкесін тексеру барысында мекеме қызметкерлері бөлке нанның ішіне жасырылған екі ұялы телефонды анықтап, тыйым салынған заттарды тәркіледі.
Аталған дерек бойынша тиісті материалдар рәсімделді.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабына сәйкес қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталатын адамдарға тыйым салынған заттарды беру немесе беруге әрекет жасау әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.
ҚАЖ департаментінде мұндай заңсыз әрекеттердің мезгіл-мезгіл тіркеліп тұратынын атап өтті. Дегенмен қызметкерлердің қырағылығы мен сәлемдемелерді мұқият тексерудің арқасында тыйым салынған заттардың режимдік аумаққа жеткізілуіне жол берілмейді.
— Ұялы телефондар мен өзге де тыйым салынған заттарды заңсыз жеткізу мекемедегі қауіпсіздікке және жазаны өтеудің белгіленген тәртібіне қауіп төндіреді. Азаматтарды заң талаптарын қатаң сақтауға шақырамыз. Осындай әрекеттер үшін әкімшілік жауапкершілік көзделгенін еске саламыз, - деді ШҚО бойынша ҚАЖ департаментінің ресми өкілі Салтанат Ожиканова.
Пікірлер