Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты Сол жағалау аудандық пробация қызметі бөлімінің қызметкерлері «Пробация» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Іс-шараның негізгі мақсаты – пробация есебінде тұрған азаматтардың сот жүктеген міндеттерді орындауын бақылау, құқық бұзушылықтың алдын алу және олардың қоғамға қайта бейімделуіне қолдау көрсету.
Жедел-профилактикалық іс-шара аясында пробация есебінде тұрған азаматтардың тұрғылықты мекенжайлары тексеріліп, олардың белгіленген талаптарды сақтау деңгейі зерделенді. Сонымен қатар сотталғандармен жеке профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған кеңестер берілді. Әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары да назардан тыс қалмай, жұмысқа орналасу, әлеуметтік көмек алу және өзге де мәселелер бойынша қажетті ақпарат ұсынылды.
ШҚО ҚАЖД Сол жағалау аудандық пробация қызметі бөлімі басшысының орынбасары Гүлжан Мұхтарбекқызының айтуынша, мұндай іс-шаралар қайталама құқық бұзушылықтың алдын алуда маңызды рөл атқарады.
– Пробация қызметінің басты мақсаты – сотталған азаматтарды бақылаумен қатар, олардың заң талаптарын сақтап, қалыпты өмірге бейімделуіне ықпал ету. Осы бағыттағы профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Әрбір азаматпен жеке жұмыс істеп, құқықтық және әлеуметтік мәселелерін шешуге жан-жақты қолдау көрсетуге күш саламыз. Бұл олардың қайта қылмыс жасау қаупін төмендетуге мүмкіндік береді, – деді Гүлжан Мұхтарбекқызы.
Айта кетейік, пробация қызметі бас бостандығынан айырмайтын жазаға тартылған азаматтарды бақылаумен қатар, оларды әлеуметтік-құқықтық қолдау арқылы қоғамға бейімдеуді қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.
Фото: Zakon.kz
Пікірлер