A+ A A-

talgatzhan 32 Бүгін, 16:45 0

Анастасия Рыпакова Азия чемпионатының күміс медалін иеленді

Бүгін / ШҚО / Спорт

Өскемендік жеңіл атлет Қытайдың Ордос қаласында өткен құрлық чемпионатта ел қоржынына медаль салды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ол жарыс біткен соң Olympic.kz сайты тілшісіне сұхбат берді. 
– Жарыстағы көрсеткішіңізге қаншалықты көңіліңіз тола ма? Қойған жоспарыңызды жүзеге асыра алдыңыз ба?

– Жеке бапкерім екеуіміз қазіргі дайындық кезеңін ескерсек, көрсеткен нәтижеге көңіліміз толады. Бұл жолы мақсатымыз жүлде алу емес, секіру техникасын дұрыс орындауға басымдық беру болды. Меніңше, бұл міндетті орындай алдым. Қазір біз үшін ең маңыздысы – осы.

– Жүлдемен қатар маусымдағы ең үздік нәтижеңізді де көрсеттіңіз. Осының бәрі сіздің көңіл күйіңізге қалай әсер етті?

– Жарыстардағы сәтсіз сериямды тоқтата алғаныма қуаныштымын, бұл өзіме деген сенімділікті арттырды. Әрине, кез келген спортшы сияқты мен де бұдан алысқа секіргім келеді. Сондықтан жаттығуды тоқтатпай, алға қойған мақсатымызға қарай ұмтылуымызды жалғастырып жатырмыз. Бұл – бастамасы ғана. Осы нәтиже бапкерім екеуміздің дұрыс бағытта жұмыс істеп жатқанымызды тағы бір мәрте дәлелдеді. Ол өз күшімізге деген сенімді арттырып, алдағы уақытта одан әрі дамуға ынталандырады. Ең бастысы – шеберлігімізді шыңдап, әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті спортшы болуға ұмтыламыз.

– Азия құрлығындағы бәсекелестікті қалай бағалайсыз?

– Жастар арасындағы Азия чемпионатында бәсекелестік өте жоғары болды. Мұндай жарыстарға бұрын қатысқан спортшылар жақсы біледі: нәтижені алдын ала болжау мүмкін емес. Сондықтан әр жүлденің орны ерекше, бағасы да жоғары.

– Бұл жастар арасындағы алғашқы Азия чемпионаты. Сайыстың ұйымдастырылуын қалай бағалайсыз? Сізге не ерекше әсер қалдырды?

– Жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Маған Шығыс Азия елдерінде өнер көрсету әрдайым ұнайды. Мұнда спортшыларды жылы қарсы алып, үнемі қолдау көрсетеді. Жарыстың жоғары деңгейде өтуіне барлық жағдай жасалған. Әсіресе стадион ерекше әсер қалдырды. Ол маған ғана емес, ұлттық құраманың көптеген спортшысына ұнады. Тіпті «Осындай стадион бізде болса, одан шықпас едік» деп өзара әзілдескеніміз бар.

– Маусымның қалған бөлігіне қандай жоспар қойып отырсыз? Алдағы уақытта сізді қай жарыстардан көреміз?

– Алдағы жоспарым – Қазақстан чемпионатына дайындалып, сол жарыста өнер көрсету. Одан кейін Ташкентте өтетін коммерциялық турнирге қатысамын. Егер бәрі жоспар бойынша жалғасса, кейін Жапонияда өтетін Азия ойындарына дайындықты бастаймын. Қазір басты мақсатым – спорттық бабымды одан әрі жақсартып, алдағы жарыстарға ең үздік формада келу.

Фото: Asian Athletics

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив