Осыған дейін облыс аумағында қолға алынған «Шығыс салбурыны», «Алтын – түркі әлемінің алтын бесігі» фестивальдерінде қолындағы қыранымен көпшілік көзіне түскен азаматқа біз де назар аудардық, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Соңғы уақытта туристер назарына жиі түсіп жүрген тұрғындардың бірі – Бақытбек Манайұлы. Ұлан ауданына қарасты Қасым Қайсенов кентінен қос қыранын әкеліпті. Әрине, құс ұшырып, аң аулау мақсатында емес, фотоаймақ ұйымдастырады. Фестивальге арнайы шақырылған. 2019 жылдан бері қыран баптап келеді. Бүркіт бір жылқының соғым етін жеп қоятынын айтты. Бірақ оның да өз тәртібі бар. Сойлыған мал етін мұздатқышқа салып қатырып, кейін біртіндеп жібітіп беріп отырады. Ал аңшылық маусым ашылып, рұқсат алған соң қыран құсын ұшырады. Қыс кезінде алған аңның етін береді. Қысқасы, қыс пен жазғы күтім екі түрлі. Ал жарты жылда бір соғым етін жейтін көрінеді. Бақытбек Манайұлы әкелген қос қыранның лақап аттары – «Қыран» және «Мұзбалақ». Әкелу кезінде бәлендей қиындық сезілмепті. Көліктің артқы салонынан орын дайындап, екеуін аман-есен жеткізген.
– Бізге әсіресе туристер көп назар аударады. «Еее, қолында құсы бар екен» деп тоқтай қалып суретке түсіп, таң-тамаша болып жатады. Табиғаттың сұлулығы мен бүркіттің сұлулығы қатарласып, тамаша көріністің куәсі болғандарын айтып кетеді. Біз де қуанамыз. Жалпы, қыран деген сөз аңды қырып алған құс дегенмен астасады. Кезінде бір ауылды асырған құс қой, шіркін, – деді Бақытбек.
Жерлесіміз ауқымды фестивальдер кезінде фотосессия ұйымдастырып, келімді-кетімді адамдар бүркіт баптайтын азаматпен суретке түсу үшін кезекке тұрады. Оның жұбайы да осы бастамасын үнемі қолдап келеді.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Пікірлер