A+ A A-

talgatzhan 31 Кеше, 17:00 0

Марқакөл табиғи қорығының 50 жылдығы кең көлемде атап өтілмек

Бүгін / Марқакол

31 шілде күні Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығының 50 жылдығына арналған «Марқакөл – шығыстың маржаны» атты ауқымды туристік-мәдени іс-шара өтеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Оның мақсаты – Шығыс Қазақстанның туристік әлеуетін кеңінен таныту, экологиялық туризмді дамыту, табиғи мұраны сақтау және Марқакөлдің бірегей табиғатын насихаттау.

Мерейтой аясында ауданның тұмса табиғаты мен терең мәдениетін таныстыратын көрме ұйымдастырылып, қорық қызметкерлерін марапаттау рәсімі болады. 

Сонымен қатар көпшілік назарына поэзия фестивалі, ақындар айтысы, ғылыми-тәжірибелік конференция, қорықтың 50 жылдығына орай жарық көрген кітаптың тұсаукесері, дөңгелек үстел отырысы және мерекелік концерт ұсынылады. Қонақтар үшін арнайы экскурсиялық бағдарлама да әзірленген.

Марқакөл – Қазақстандағы табиғаты ең көркем аймақтардың бірі. Биік таулардың баурайында орналасқан мөлдір көл, сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, қайталанбас экожүйесі бұл ауданды табиғат жанашырлары мен саяхатшылар үшін ерекше мекенге айналдырып отыр.

«Марқакөл – шығыстың маржаны» фестивалі экологиялық туризмді дамытуға тың серпін беріп қана қоймай, Шығыс Қазақстанның елдегі жетекші туристік бағыттардың бірі ретіндегі беделін нығайтуға және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды сақтау мәселесіне қоғам назарын аударуға мүмкіндік бермек.  

 

Ақпарат және фотосурет: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі 

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив