
Қымбатшылық қысып тұрған шақ ШҚО тұрғындарын тығырыққа тіреп тұр, ал әкімдер бағаны бақылап отыр ма?
Облыс әкімдігінде өткен жиында Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Исатай Аңсат бағаны тұрақты ұстап тұру бағытындағы жұмыстарды қорытындылады. Ол орташа көрсеткішпен салыстырғанда, өңірде бағадағы ең елеулі айырмашылықтар үш ауданда байқалатынын айтты. Оның ішінде, Үлкен Нарын ауданында алты негізгі тауар түрі бойынша бағаның жоғарылағаны тіркелді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Тұрақтандыруға бөлінген қаржы
Күнделікті тұтынатын азық-түлік, оның ішінде сусын, нан, ет болсын, сәл қымбаттаса бірден байқалады. Осы үшін де мұнымен айналысатын мекемелер жұмыс істеп отыр. Олар көп жағдайда ескертуін жасап, жөн сілтегенмен кәсібін дөңгелеткісі келгендер кідіріс жасап болсын, өз дегенін орындайды. Исатай Аңсаттың сөзінше, нарықты қолдау жұмыстары аясында аймақта айналым қоры жүйесі іске асырылуда.
– 2019 жылдан бастап бағаны тұрақтандыру бағдарламасына 4,5 миллиард теңге көлемінде бюджет қаражаты бөлінді. Бұл қаражат жеткізушілерге берілетін қарыздар арқылы үздіксіз айналымда пайдаланылады. Комиссия шешіміне сәйкес, өткен жылдың мамыр айынан бастап күріш, қант, салмақпен сатылатын макарон, күнбағыс майы, қарақұмық жармасы, тұз (жеткізушісі – жеке кәсіпкер Эрликова) және көкөністер (картоп, сәбіз, пияз және қырыққабат; жеткізушісі – «Мусин Мади Қайратович» шаруа қожалығы), ал 2025 жылдың қазан айынан бастап ет (сиыр етінің сүйекті жауырын және төс бөліктері) бойынша бағаны тұрақтандыру шаралары қолға алынды, – деді ол.
Мәлім болғандай, «Восток-Молоко» корпорациясының екі сауда нүктесінде сиыр етінің бір келісі 2 790 теңгемен сатылып жатыр. «Бағаны ұстап тұрыңыздар» деп «Украинка» шаруа қожалығына 200 миллион теңге көлемінде қарыз берілді. Сонымен қатар, биылғы күз бен 2027 жылдың көктемі аралығына деп шамамен 6 мың тонна көкөніс жеткізуге келісімшарт жасалды. Нақтырақ кестеде:
|
№ |
Көкөніс түрі |
Салмағы |
|
1 |
картоп |
3650 тонна |
|
2 |
сәбіз |
840 тонна |
|
3 |
қырыққабат |
880 тонна |
|
4 |
пияз |
590 тонна |
Жеткізушілер ретінде «Мусин Мади Қайратұлы» және «Батай» шаруа қожалықтары белгіленген. Ал несие сомасы 1,178 миллиард теңгені құрады. Сауда қазан айында «Ертіс» ӘКК» АҚ басқаратын сауда дүңгіршектерінде басталады.
– Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын барынша төмен бағамен сату мақсатында ӘКК 2012 жылдан бері жеке сауда дүңгіршектері желісін құрумен айналысып келеді. Қазір сауда желісі 46 нүктеден тұрады: оның 21-і компанияға тиесілі дүңгіршектер болса, 25-і меморандум негізінде жұмыс істейтін серіктес нысандар болып саналады. Қала келбетін жаңартып, сауда мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында жақында заманауи үлгідегі дүңгіршектер іске қосылмақ. Баға тұрақтылығын жедел реттеу шараларына сауда үстемелерін бақылау, делдалдық схемаларды тексеретін комиссиялардың жұмысы және бөлшек сауда орындарындағы бағаға мониторинг жүргізу жатады, – деді басқарма басшысы.
Төмен баға қай ауданда?
Оның сөзінше, аймақта ауыл шаруашылығы өнімдерін делдалсыз және үстеме бағасыз тікелей сатуға арналған жәрмеңкелер тұрақты өткізіліп тұрады. Жыл басталғалы осындай 300-ге жуық жәрмеңке ұйымдастырылыпты. Өңір тұрғындары жалпы сомасы 1,4 миллиард теңгеге жуықтайтын жаңа піскен өнімдер сатып алған.
– 16 шілдедегі мониторинг деректеріне сәйкес, Үлкен Нарын ауданы барлық дерлік санат бойынша бағалардың ең жоғары деңгейін көрсетті. Риддер қаласында да бағалардың жоғарылауы байқалады, әсіресе көкөністер, ет өнімдері және балықты айтуға болады. Кейбір айтарлықтай ауытқуларды есепке алсақ, Шемонаиха ауданы орташа деңгейден жоғары, – деді басқарма басшысы.
Алтай мен Күршім аудандарындағы жалпы жағдай тұрақты. Ал азық-түліктің ең төмен бағасы мына аудандарда:
- Зайсан ауданы;
- Ұлан ауданы;
- Самар ауданы.
Исатай Аңсат орташа көрсеткішпен салыстырғанда, өңірде бағадағы ең елеулі айырмашылықтар үш ауданда байқалатынын айтты. Оның ішінде, Үлкен Нарын ауданында алты негізгі тауар түрі бойынша бағаның жоғарылағаны тіркелді. Айталық:
|
№ |
Өнім түрі |
Орташа баға |
|
1 |
қара шай |
4863 теңге |
|
2 |
қаймақ |
2326 теңге |
|
3 |
қияр |
676 теңге |
|
4 |
қарақұмық жармасы |
394 |
|
5 |
күріш |
543 теңге |
|
6 |
сүзбе |
2214 теңге |
Исатай Аңсаттың айтуынша, Риддер қаласы – көкөністер мен ет ең қымбат бағамен сатылатын қала. Одан бөлек, ол жақта қызанақтың бір келісі 1 350 теңгеден (орташа бағасы – 815 теңге) саудаланып жатыр. Ал жалпы:
* Сәбіз: 444 теңге (орташа бағасы – 347 теңге)
* Фарш: 4 500 теңге (орташа бағасы – 3 569 теңге)
* Балық: 2 200 теңге (орташа бағасы – 1 753 теңге)
Алтай ауданында көкөністер қымбаттаған:
Қияр: 981 теңге (орташа бағасы – 678 теңге)
Қызанақ: 995 теңге (орташа бағасы – 815 теңге)
– Ең қымбат рожки Марқакөл ауданында сатылады: 745 теңге (орташа бағасы – 478 теңге). Қырыққабат Шемонаиха ауданында қымбат, бір келісі – 320 теңге (орташа бағасы – 246 теңге). Сосын қияр бойынша Тарбағатай (820 теңге, +21%) ауданында баға айтарлықтай жоғары, – деді ол.
Басқарма басшысы Алтай, Үлкен Нарын аудандары және Риддер қаласы әкімдіктеріне делдалдар санын барынша азайту мақсатында Өскемендегі көтерме сауда кәсіпкерлерімен өзара іс-қимыл жасауға шақырды. Сондай-ақ барлық ауданға сауда үстемелеріне бақылауды күшейту жөніндегі жұмысты жандандыруды орынды деп санайтынын айтты.
«Баға неге жоғары?»
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қымбатшылық тіркелген аудан әкімдеріне сұрақты төтесінен қойды. Отырысқа барлық аудан әкімі келген болатын. Өңір басшысы Риддер қаласы, Үлкен Нарын, Шемонаиха, Алтай аудандарының басшыларынан «баға неге жоғары?» деп сұрады.
– Иә, бізде әлеуметтік маңызға ие төрт өнімнің бағасы жоғары. Соның бірі – сәбіз. Бірақ оның бағасы қазір түсті, 330 теңгеден сатылып жатыр. Ет пен балық өнімдерінің бағасы қымбат болып тұр, 26 пайыздан жоғары. Бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Көршілес аудандардан кәсіпкерлер шақырып, жәрмеңкелер ұйымдастырып, бағаны тұрақтандырамыз ба деп отырмыз. Ал қызанақты «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына тиесілі үш дүңгіршекті орнату арқылы реттеуге ниеттіміз. Ол айдың соңында іске қосылады. Қаламызға басқа да ықпалды кәсіпкерлер шақыруға ниеттіміз, – деді Риддер әкімінің орынбасары Қаныбек Төлеухан.
Үлкен Нарын ауданы әкімі Елдос Байрахметов шілде айындағы мониторингтегі баға өсімін ауқымды фестивальмен байланыстырды. Кәсіпкерлер сол кезде белсенген көрінеді. «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі кезінде баға аспағандаған көрінеді.
– Ай біткенше бәрін ретке келтіреміз. Салық органымен бірлесе, тиісті топтарды іске қостық. Қай жерде қандай баға тіркеліп жатқанын қадағалап, реттейміз, – Елдос Байрахметов.
Ал тағайындалғанына көп болмаға Шемонаиха ауданының басшысы Ержан Шурманов жылқы еті, қырыққабат және сүзбе бағасы қымбаттап тұрғанын растады.
– Қырыққабат бойынша айтарым, істің мән-жайын анықтадық. Кейбірі былтырғы өнімнің бағасын түсірмепті. Қазіргі өнім бойынша бірізділік байқалып келеді. Статистика және мониторингілік топпен бірге жұмыс істедік. Жылқы еті бойынша екі шаруа қожалығымен сөйлестік. Жуықта жәрмеңке өткіземіз. Облысқа ортақ баға бізде орнайды деп сенемін. Сүзбе бойынша өзіміздің өндірушілермен сөйлесіп, шешімін тауып келеміз. Баға облыстағы орташа көрсеткіштен аспауы тиіс, – деді ол.
Бір кездері облыстың экс-әкімі Ермек Көшербаев Алтай ауданының халқында кедейлік шегінен шыға алмай жүргендер саны басым деген болатын. Кейін аудан басшысы Ренат Құрмамбаев нәтиже жақсарғанын айтып, редакция тілшісіне статистика ұсынған болатын. Анықталғандай, қымбатшылық ол жақта бар.
– Аудан бойынша 17 әлеуметтік бөлімше бар. Баға жағына келсек, қияр мен қызанақ қымбаттап тұр. Маусым айында ерекше байқалды. Себебі, жекеменшік шаруашылықтарда көкөніс енді-енді пісіп жатыр. Қазір олар біртіндеп сауданы қыздырып келеді. Бір-екі аптада бағаны түсіреміз, – деді Ренат Тілеуханұлы.
Мұны тыңдап болған Нұрымбет Сақтағанов отырған қала, аудан әкімдеріне жергілікті тауар өндірушілермен тізе қосып, сауда нысандарына өнімді тікелей жеткізу көлемін ұлғайту бойынша кездесулер өткізуді тапсырды.
– Ауыл шаруашылығы басқармасы әкімдермен бірлесіп, өңірде неғұрлым талап етілетін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіру көлемін ұлғайтуға ұсыныстар енгізсін. Сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті, әкімдермен бірлесіп, әлеуметтік маңызға ие азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемесін қолдану бөлігінде заңнама талаптарын сақтаудың тұрақты мониторингісін қамтамасыз ету қажет. «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы, тауар қорлары тапшылығына жол бермей, аумақтық қолжетімділікті ескере отырып, сауда нысандарына әлеуметтік маңызға ие азық-түлік тауарларын үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету қажет. Тиісті ақша бөлінді, келісімшарттарыңыз бар. Енді соны уақтылы орындалуын қамтамасыз етіңіздер, – деді әкім.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер