A+ A A-

talgatzhan 34 Бүгін, 11:40 0

Кәсіптік патология: мамандандырылған медициналық көмек кімдерге қажет және тексеруден өтуді неге кейінге қалдыруға болмайды?

Бүгін / Өзге

Күн сайын облысымыздың мыңдаған тұрғыны өнеркәсіп кәсіпорындарында, құрылыс, ауыл шаруашылығы, көлік, энергетика және басқа да салаларда еңбек етеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Көптеген мамандықтар өндірістік факторлардың әсерімен байланысты. Олар – өндірістік шу, діріл, шаң, химиялық заттар, қолайсыз микроклимат, шамадан тыс дене жүктемесі және басқа да зиянды факторлар. Осындай факторлардың ұзақ уақыт әсер етуі кәсіптік аурулардың дамуына себеп болуы мүмкін.

Өкінішке қарай, көптеген қызметкерлер еңбекке қабілеттілігі айтарлықтай төмендеген кезде ғана дәрігердің көмегіне жүгінеді. Ал дер кезінде жүргізілген диагностика ауруды ерте кезеңде анықтауға, уақтылы ем жүргізуге, асқынулардың алдын алуға және өмір сүру сапасын сақтауға мүмкіндік береді.

 

Кәсіптік патология дегеніміз не?

Кәсіптік патология – өндірістегі зиянды және қауіпті факторлардың әсерінен туындайтын ауруларды анықтау, емдеу, сараптау және алдын алумен айналысатын медицинаның мамандандырылған саласы.

Кәсіптік патология дәрігері науқастың денсаулық жағдайын ғана емес, еңбек жағдайын, зиянды еңбек жағдайларындағы жұмыс өтілін, міндетті мерзімдік медициналық қарап-тексерулердің нәтижелерін, сондай-ақ жұмыс орнының санитариялық-гигиеналық сипаттамасын жан-жақты бағалайды.

 

Кәсіптік патология дәрігерінің кеңесі кімдерге қажет?

Мамандандырылған медициналық көмек төмендегі азаматтарға ұсынылады:

зиянды және (немесе) қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлерге;

міндетті мерзімдік медициналық қарап-тексеруден өтетін жұмыскерлерге;

медициналық қарап-тексеру барысында кәсіби қызметпен байланысты болуы мүмкін ауру белгілері анықталған адамдарға;

зиянды еңбек жағдайында ұзақ жылдар еңбек еткен қызметкерлерге;

ауруының кәсіптік қызметпен байланысын анықтауды қажет ететін азаматтарға;

алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарының дәрігерлері немесе басқа мамандардың жолдамасы бойынша келген пациенттерге.

Әсіресе тау-кен өндіру, металлургия, химия өнеркәсібі, құрылыс және басқа да өндіріс салаларында еңбек ететін азаматтар өз денсаулығына ерекше көңіл бөлуі тиіс.

 

Қандай белгілерді елемеуге болмайды?

Дәрігерге қаралуға себеп болатын белгілер:

есту қабілетінің төмендеуі;

құлақтағы тұрақты шу;

ұзақ уақытқа созылған жөтел, ентігу;

қол саусақтарының ауыруы немесе ұюы;

омыртқа мен буындардың аурулары;

өндірістік химиялық заттармен байланыс кезіндегі аллергиялық реакциялар.

Аталған белгілер айқын байқалмаса да, уақытылы медициналық тексеруден өткен маңызды. Кәсіптік аурулар ерте анықталған жағдайда емдеу тиімділігі әлдеқайда жоғары болады.

 

Мамандандырылған медициналық көмек қалай көрсетіледі?

Кәсіптік патология дәрігері пациенттің денсаулық жағдайына кешенді бағалау жүргізеді, оның еңбек жолын, жұмыс жағдайларын және жүргізілген зерттеулердің нәтижелерін талдайды. Қажет болған жағдайда қосымша зертханалық және аспаптық зерттеулер, сондай-ақ бейінді мамандардың консультациялары тағайындалады.

Егер кәсіптік ауруға күдік болса, пациент Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес тексеруден өтеді.

 

Заңнамалық негіз

Зиянды және (немесе) қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлерді міндетті медициналық қарап-тексеруді ұйымдастыру және «Кәсіптік патология» бейіні бойынша медициналық көмек көрсету тәртібі Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексімен, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексімен және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің міндетті алдын ала және мерзімдік медициналық қарап-тексерулерді өткізу, сондай-ақ «Кәсіптік патология» бейіні бойынша медициналық көмек көрсету мәселелерін реттейтін бұйрықтарымен айқындалады.

Жұмыс беруші зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің міндетті медициналық қарап-тексеруден уақытылы өтуін қамтамасыз етуге міндетті. Ал медициналық ұйымдардың міндеті – кәсіптік аурулардың алғашқы белгілерін дер кезінде анықтап, қажет болған жағдайда пациентті мамандандырылған тексеруге жолдау.

 

Неліктен мерзімдік медициналық қарап-тексеруден өту маңызды?

Мерзімдік медициналық қарап-тексеру – жай ғана формальды рәсім емес. Оның негізгі мақсаты – жұмыскерлердің денсаулығын сақтау.

Тұрақты түрде жүргізілетін тексерулер:

ауруды ерте кезеңде анықтауға;

ауырасқынулардың алдын алуға;

емдеу мен оңалтуды дер кезінде бастауға;

еңбек жағдайларын жақсарту бойынша қажетті шараларды қабылдауға;

кәсіби ұзақ еңбек ету қабілетін сақтауға мүмкіндік береді.

 

Денсаулыққа қамқорлық – баршаға ортақ жауапкершілік

Кәсіптік аурулардың көпшілігінің алдын алуға болады. Ол үшін еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау, жеке қорғаныш құралдарын пайдалану, міндетті медициналық қарап-тексерулерден уақытылы өту және денсаулықтағы алғашқы өзгерістер байқалған жағдайда дәрігерге дер кезінде қаралу қажет.

Қызметкерлердің денсаулығы – кез келген кәсіпорынның ең маңызды капиталы. Кәсіптік ауру неғұрлым ерте анықталса, еңбекке қабілеттілікті, өмір сапасын және кәсіби болашақты сақтап қалу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.

 

Кәсіптік патология бөлімшесінің меңгерушісі Жангурчинова Айжан Сәрсенқызы

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив